14.11.2023, 14:45
Оқылды: 55

65 мың теңгеге екі отбасы күн көре ала ма?

Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов есеп беру мақсатында ауыл тұрғындарымен жүздесті.

Талов тұрғындары турасын айтты

 

Тоқсан сайын өтетін есептік кездесу Талов ауылынан басталды. Ала таңмен оянып, адам көрсе де сенгісіз, тіпті, айтуға бергісіз жолға шықтық. Алғашында сіркіреген ақ жауынға мән бермеген едік. Жол азабының «көкесін» көріп, батпаққа батып қалдық. Сөйтіп, аудандық бөлім басшыларымен бірге Таловтағы ағайынға жете алмадық. Қайта-қайта балшыққа батып, гүрілдеген көліктің ішінде қалғанымызды айтпай кетуге болмайды. Ауыл әкімінің айтуынша, жүздесуде біраз мәселе талқыланған. «Тұрғындар ойларын бүкпей, турасын айтты» деген ауыл әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиев ауыл жұртының атқарылған жұмыстарға дән риза екенін жеткізді. Дегенмен ауыл тұрғыны Сағынай Нұрмұханов тозығы жеткен электр бағандары жаңартылғанын қалайды. Тіршілік көзін алып отырған Бобров тоғанын қоршауды барлығы құптап, айналасындағы жекеге берілген жерлерді қайтару хақында сөз қозғаған.

399565843_877732167689792_9211149701780087667_n

Жақсыбайда жақсылық көп

 

Талов ауылының тыныс-тіршілігін көріп, тұрғындарға атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген аудан әкімі Тимур Шиниязов Жақсыбай ауылына атбасын бұрды. Жауапты бөлім басшылары да тұрғындардың сұрағына үн қатты. Жалпы, жақсыбайлықтардың жағдайы көңіл қуантады. Келелі істер мұнымен тоқтамақ емес. Спорт кешенінің жобасы жасақталған ауылда тұрғындар әлі талай жақсылықтың куәгері болғалы отыр. Ауыл әкімі Алмат Қаратаев медициналық пункттің құрылысы аяқтала келгенін, екі жалдамалы үйдің құрылысы басталайын деп жатқанын айтып, ауданнан көп қолдау көрсетілгенін жеткізді. Сонымен қатар көшелердегі жарық мәселесін көтерген тұрғындар сол жолмен балалар мектепке баратынын алға тартты. Жақсыбайда жақсылық көп. Жиын соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарға тұшымды жауап берді.

«65 мың теңгеге екі отбасы күн көре ала ма?»

 

Бұл Борсы ауылының тұрғындарымен жүздесудегі аталған ауыл тұрғынының қойған сұрағы. Жақсыбайдан кейін борсылықтарға атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аудан басшысы келер жылда жүзеге асатын жақсы жаңалықтармен сүйіншіледі. Дегенмен жеке басқа қатысты мәселелер де жетерлік. 1075 тұрғын өмір сүретін ауылдың әкімі Зинхар Бақтығалиев:

- Ауылымызда әлеуметтік бағдарламалардың толық орындалуы – басты назарда. Ақылы қоғамдық жұмысқа 37 адам кірісіп, ауылда тазалық жүргізуге қатысты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша үш маман, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша «Марал» шаруа қожалығына үш адам жұмысқа алынды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында екі адам құжаттарын тапсырды. Жастарға несие беру бағдарламасы бойынша Мержан Ержанов бес млн теңге несие алып, ірі қара сатып алуға жұмыстануда,- деді.

Кенет борсылық жас жігіт орнынан тұра келіп:

- 65 мың теңгеге екі отбасы күн көре ала ма? Әкімге жұмыс сұрап барсақ, барлығын қоғамдық кеңеске ысырады. Ал қоғамдық кеңесте барлығын жақын-туыс арқылы шешеді, - деді.

399597875_877663517696657_8387454321212239036_n

Мәдениет үйінің залы бір сәт тыныштыққа бөленді. Аудан әкімі Тимур Серікұлы:

- Жұмыс реті шыққанда бірден аудандық мансап орталығына түседі. Ал олар шешім шығармас бұрын қоғамдық кеңеспен ақылдасады. Шыны керек, бәріне бірдей жұмыс жете бермейді. Ал біз солай болды екен деп қарап отырмайық. Мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар бар. Әлеуметтік жұмыс орындары бар. Ауылдағы ағайынды қолдау ретінде бағдарламалар мен жобалар жүзеге асып келеді. Біз тек оңай жолын күте бермей, өзіміз қимылдайық. Мүмкіндіктерді дер кезінде пайдаланайық, - деп тұшымды жауап берді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев пен мансап орталығының директоры Миранбек Ибатов мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Сұрақ қойған тұрғынның шаруа қожалығы бар екені белгілі болды. Айына екі бас сатамыз дегені түсінбеушілік тудырды. Әрине, қарапайым халықтың жағдайы алаңдатады. «Қанағат қарын тойдырар» деген дана қазақ тәмсілін де ұмытпаған жөн.

«Шанхайға» да тротуар керек

Елмен жүздесу Қамысты ауылында жалғасты. Ауыл әкімі Нұрлан Аюпов пен аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов тұрғындар алдында атқарылған және атқарылатын жұмыс бойынша баяндама жасады. Қамысты ауылдық қоғамдық кеңесте талқылаған мәселелерді зейнеткер, ауыл белсендісі Бұрхан Өтеғалиев көтеріп, олар бойынша ұсыныс-пікірін де қосты. Оның ішінде ауылда салынған 2,3 шақырым тротуардан бөлек тоғыз шақырымға жуық тротуар керек екенін атап өтті. «Шанхай» деп аталатын шағын ауданның тұрғындары атынан да сөз сөйлеп, бәрінен тасада қалатын шанхайлықтардың уәжін жеткізді. Ауыл тұрғыны Айша Кенжеғалиева:

- Мал өрістен келгенде бағусыз қалады. Соның кесірінен ауылдың тазалығы бұзылады, - деп алаңдаушылық білдірді.

Ауылда жарық мәселесі де өзекті. Үш көшеде жарық жоқтың қасы. Жүздесуде өрт сөндіру көлігінің жайы да талқыланып, жаңбырда қалып қоймас үшін орын сұрады және көлікті жауапкершілік артып, бір адамға тапсырып, бақылауда ұстау керектігі жөнінде ұсыныстар айтылды. Е.Ниетқалиев атындағы орта мектебінде ашылған тіс кабиетінің тоқтап тұрған жұмысы жөнінде де сөз қозғалды. Соңында ауылға кіреберіс жолдың салынғанына қуанған тұрғындар алғыс жаудырды. «Қанша жыл арман болған жолды күтіп ұстайық» деп тарқасты.

Балабақша жыры қашан бітеді?

Осындай сұрақты таулықтар бірауыздан қойып, ауылдағы балабақшаның жағдайын айтып, сұрақтың бірнеше жылдан бері қойылып келе жатқандарына налыды. «Қайрат» бөбекжайының меңгерушісі Алтынай Қарашина:

- Есеп беруге салғанда барлығы «керемет», «тамаша» дей саламыз. Шындығына келгенде мұның бәрі – жалған. Ал балабақшаның мүшкіл жағдайы туралы жаза қалсақ, есебіміз өтпей қалады, - деді.

Талай таңға ұласқан балабақша жыры қай уақытта бітеді? Болашақ жас ұрпақтың қолында екенін бір сәт естен шығармай, шұғыл жөндеу қажет.

 Ауыл тұрғыны, шаруа қожалық иесі Балболсын Бексейітова:

- Мектеп жөндеуден өткенімен, сапасы сын көтермейді. Спортзалының төбесінен тамшылаған суды былай қойғанда, мектеп ішінде заңға қайшы әрекеттер жасалып жатыр. Мектеп жанындағы балалар орталығына интернатты қосып қою қаншалықты дұрыс әрекет? - деп ашынды.

Одан бөлек тоғандардың тайыздалып кеткені, мектеп пен балабақшалардағы интернет желісінің нашарлығы туралы айтылды. Байқасақ, күрмеуі шешілмей тұрған мәселелердің көбі мектеп пен балабақшаға қатысты. Жауаптылар кезек күттірмей, тұрғындар алаңдаған мәселелерді шешуге кіріседі деген ойдамыз!

Күйгенкөлдіктер сұрақты жеке қабылдауда қойды

Күйгенкөл ауылдық округінде өткен есептік кездесуде аудан басшысы мен аталған ауылдың әкімі Саят Тарғынов атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, баяндама жасады. Басқосуда осы уақытқа дейін көтерілген мәселелер оң шешімін тауып, ауыл тұрғындары тарапынан сұрақ қойылып, ұсыныс айтылмады. Тек бірнеше тұрғын жеке мәселе бойынша әкімнің қабылдауында болып, сауалдарын қойды.

399617820_877663527696656_1757778342910786549_n

«Халыққа қызмет көрсету орталығы халыққа қаншалықты қызмет көрсетеді?»

Ақоба ауылдық округінде өткен кездесуде аудан әкімі Тимур Шиниязов пен ауыл әкімі Нұрлыбек Жакин тұрғындар алдында төртінші тоқсан бойынша есеп берді. Ауданда, ауылда атқарылған және атқарылатын істерді атап өтті. Сұрақ-жауапқа жалғасқан кездесуде ауыл тұрғыны Райымбек Батанов халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына наразылығын білдірді.

- «Ауыл аманаты» бойынша құжаттарды жинақтап, бақандай бес ай жүрдік. Не жөнді ақпарат бермеді, не қандай құжат жинау керегін де жарытып айтпады. Халыққа қызмет көрсету орталығы халыққа қаншалықты қызмет көрсетеді? Орталықтың жұмысы бір ізге салынса екен, - деді.

Ақобалықтардың атынан ауыл ақсақалы, зейнеткер Мұрат Мұханбетқалиев сөз алып, ауыл бойынша бірнеше мәселені атап өтіп, соған сәйкес ұсыныстарды да қоса айтты.

- Бәріне ризамыз. Ауыл мен ауданда соңғы кезде елеулі өзгеріс көп. Бірақ ауылға кіреберіс жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Бес шақырымы салынды. Бірақ жиырма төрттен бес шақырымды алып тастағанда қалған он тоғыз шақырымын құрылыс материалдарын тасып жүрген жүк көліктері ойық-ойық етіп тастаған. Көлікпен жүру мүмкін емес, - деді ақсақал.

Оның баяндауынша, фельдшерлік-акушерлік пункт басшысы зейнеткерлікке шығады. Орнына маман керегін айтып, жастарды ауылға шақырып, тиісінше жағдай жасау қажет деген ойын білдірді.

Ауылда иесіз ит пен мысық көбейіп тұр

Есептік кездесу Ұзынкөл ауылдық округінде жалғасып, аудан басшысы Тимур Шиниязов пен ауыл әкімінің міндетін атқарушы Ғаллем Құрмашев баяндама жасады. Жарыссөзге қатысқан ауыл тұрғындары тұрғын үйлерге құлайын деп тұрған теректерді кесу, қаңғыс ит пен мысықтың көбейгенін, Ресей жеріне шығып кеткен малды қайтару, ауыл саябағын күтіп-баптау керектігі хақында мәселелер көтеріп, оларға тиісінше жауап алды. Асылбек Бекетов қатты желден теректер сынып, электр сымдарына әсер еткенін жасырмады.

- Үлкен теректер адамға зиянын тигізбей тұрғанда кесу қажет. Ол үшін бізге үлкен кран керек болады, - деді.

Аудан әкімі Тимур Серікұлы бұл істі көктемге қалдырды. Ұсыныстарды жинап, жер аяғы кеңіген соң іске кірісеміз деген ойын жеткізді. Сонымен қатар аудан әкімі бірнеше тұрғынды жеке қабылдады.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале