Бәйтерек ауданы Калинин ауылындағы дене шынықтыру, сауықтыру кешенінде қазақ күресінен 2008-2009 жылы туған (ж.т.) кіші жасөспірімдер, 2006-2007 ж.т жасөспірімдер және 2003-2005 ж.т. жастар арасында «Жас барыс» республикалық турниріне облыстық іріктеу жарысы өтті.
Спорттық сайысқа облысымыздың 12 ауданы және Орал қаласы қатысты.
Байрықты бәсекеге бақ сынағалы келген спортшылар мен көрермен қауым түгел сап түзеп, мемлекеттік Гимн шырқалды.
Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімнің орынбасары Ерлан Ғалиев спортшыларға сәттілік тіледі.
- Бұл сайыста тек білектің күші емес, сіздердің намыс, жігерлеріңіз де сыналады. Спортшыларымыз әрдайым жеңіс биігінен көрініп, дүбірлі додаларда көк байрағымызды биікте желбірете берсін. Жарыста тек мықтылар ғана жеңіске жетсін, - деді Ерлан Ерсайынұлы. Сондай-ақ, БҚО қазақ күресі Ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы және Бәйтерек ауданының қазақ күресі федерациясы қоғамдық бірлестігінің және аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин де палуандарды демеу лебізімен жігерлендірді.
Жарыстың бірінші күнінде 2008-2009 ж.т. кіші жасөспірім санатына жататын 190 палуан, екінші күні 2006-2007 ж.т. жасөспірімдер мен 2003-2005 ж.т. спортшылар барлығы 129 палуан күресіп, үздіктері жүлделі орындарға ие болды.
Бәйтерек ауданынан 2003-2005 ж.т. жасөспірімдер арасынан 100 келі салмақта Алихан Сариев пен 2006-2007 ж.т. палуандар ортасынан 82 келі салмақта Әділ Қалимолла І орын иеленіп, республикаға жолдама алды.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz