16.11.2023, 10:30
Оқылды: 62

Мақал-мәтел сайысы өтті

Оралдағы Достық үйінде «Сөздің көркі – мақал» атты іс-шара өтті. БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының «Ағайын» қазақ қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кеште қолөнер бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды.

IMG_7025

– Бүгінде облыстағы этномәдени бірлестіктер мазмұнды іс-шаралар өткізуде. «Ағайынның» бұл кешінің тәрбиелік мәні бар, саяси және идеологиялық тұрғыда маңызы зор. Мен өңірдегі барлық бірлестік қазақ қоғамдық бірлестігінің айналасына шоғырлануы керек деп білемін. Сондықтан бұл бірлестік жұмысын жандандыруы қажет. Ұлт-ұлыстың ауызбіршілігі халықты біріктіріп, елдің берекесін арттырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз», – деп кең байтақ жерімізді келешек ұрпаққа тапсыратынымызды айтқан еді. Ал тәуелсіздікті сақтап қалу үшін жас ұрпақтың рухы биік болуы қажет. Мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер жастардың рухани болмысының қалыптасуына, ақыл-ойының толысуына әсер етеді. Осылайша ұлттық руханият жаңғырады. Бүгінгідей іс-шараларды көбірек өткізуіміз керек, –  деді кеш барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева. Сондай-ақ ол кешке атсалысқан үлкен-кішіге алғысын бідірді.

c5f78b66-4ead-47fb-acde-4f5091077578

Кешті жүргізген «Ағайын» қазақ қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айгүл Биғалиеваның айтуынша, іс-шараның мақсаты – ана тілін дәріптей отырып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, қазақ тілін дамыту. Ол жастарды сөз өнеріне, шешендікке баулу қажет екенін атап өтті. Осыдан екі ай бұрын аталмыш бірлестік жергілікті тұрғындарға және Ресейден көшіп келген отандастарға қазақ тілін үйрететін курс ұйымдастырған. Іс-шара барысында осы курстың жұмысы қорытындыланып, қазақ тілін жаңадан үйренгендер өлеңдер оқып, мақал-мәтелдер айтты. Оларды оқытқан тіл маманы Мәнсия Нариманқызына алғысхат табыс етілді. Сөз алған «Ауыл» партиясы БҚО филиалының төрағасы, Орал қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов мақал-мәтелдердің маңызы жөнінде әңгімеледі. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов Айгүл Биғалиевамен бірге Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Сөздің көркі – мақал» атты кештің ең қызықты сәті сайыс болды. Оқушылар мен студенттер түрлі тақырыптағы мақал-мәтелдер айтудан, суретте қандай мақалдың жасырылғанын табудан жарысты. Әсіресе, студенттермен қатар сайысқа шыққан Оралдағы №44 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушылары Жансұлтан Жантасұлы мен Абылай Сансызбай мақал-мәтелдерді көп білетіндерімен ерекше көзге түсті. Сайыстан сүрінбеген қатысушыларға іс-шараға демеушілік көрсеткен «Ауыл» партиясы БҚО филиалы және «Еrtoqym_kz», «ALL OFF BURGER», «Қазақ қамшы», «Sheber Janar», «Dari.Lili» жеке кәсіпкерліктері ұсынған сыйлықтар табыс етілді.

Айна Имашева

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале