Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы Қадыр ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ізденуден, іздене жүріп, көпшілікке насихаттаудан жалыққан емес. Орталықтың тыныс-тіршілігі көпшіліктің көз алдында. Қадыр мұрасы – халықтың қазынасы.
Ал ақын туралы естеліктер де аз емес...
Қадыр орталығы облыстық «AQJAIYQ» телеарнасымен бірлесіп, «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильм түсіруді жоспарлап, ол жоспарды жүзеге асыруға батыл кірісті. Сол бойда «Өлеңі – ескерткіш, өмірі – естелік» атты деректі фильмді түсіруге Алматы шаһарына аттану үшін жол қамына дайындық жұмыстары басталып та кетті. Қадырдың Ақ Жайықтан бозбала болып аттанғаннан кейінгі өмірі Алматымен тығыз байланысты екенін қалың оқырманға түсіндіріп жатудың өзі артық шығар.
Сонымен, қош... БҚО әкімдігі бұл бастаманы қызу қолдап, тікелей қадағалауына алып, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қуаттап, дем беріп, «Алматы, қайдасың?» деп жолға шықтық. Түсірілім тобы 5 адамнан құралды. Топ басшымыз, осы идеяны ұсынған Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов. Сондай-ақ топ құрамында елімізге танымал журналист, «AQJAIYQ» телеарнасы директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаева, телеоператор Алмас Адиетов, дизайнер Мақсат Тұяқ пен осы жолдардың авторы болды.
Біз Алматыға жексенбі күні жеттік. Арайлы қаланың ауа райы да тамылжып тұр екен. Көңіл күй көтеріңкі. Бірден журналист, ғалым Ғарифолла Әнес басшылық ететін «Арыс» баспасына жол тарттық. Ел жақтан келді деп, елпеңдеп күтіп алған Ғарифолла ағамыз баспаның қызу жұмыстарымен таныстыра отырып, біздің де мақсатымызды анықтап сұрап, бұл сапарымызға риза болды. «Қадыр аға жайында айтар әңгіме көп, оның қасында жүру бір ғанибет болатын» деп ағынан жарылып, қолдау білдіретіндігін жасырмады.
Алматының жексенбісі сәл тыныштау болады екен. Тыныштау дейтініміз мұқым жұртқа мәлім көлік кептелісінің саябырситын кезеңі ғой. Осы мүмкіндікті мүлт жібермей, Қадыр Мырза Әлидің өмірінің соңғы жылдарын өткізген шаңырағына бет түзедік. Бізді аула сыртынан ақынның ұлы Ғазиз ағамыз құрақ ұшып қарсы алды. Есіктен енген бойда Салтанат анамыз бәйек болып, төрге бастады. «Қош келдіңіздер!» деп келіні Бақтыгүл бар құрметін көрсетіп, дастарқанды жайнатып қойыпты. Біздің есіл-дертіміз Қадырдың бөлмесіне ауды. Бірден бас сұғып, қызыға тамашалап кеттік. Ақынның талай шығармаларды дүниеге әкелген жұмыс үстелі, кітаптары, фотосуреттері, бәрі-бәрі – мол байлық.
Немересі Мүсілім Ғазизұлы да «Ассалаумағалейкум» деп амандасып жатыр. Атасының аузынан түскендей десек – сөзіміз шындық. Айнамкөз атты сүйкімді немересі атасының өлеңдерін оқып, бір риза қылды. «Өзі орысшаға шорқақ» дейді әжесі. «Қадырдың балалары орыстанып кетіпті» дегенге бұл да бір жауап.
«AQJAIYQ» арнасының беткеұстары Гүлмира Тілеубаева ханым сұхбаттасып, апамызбен ақ жарқын дидарласып, біраз естеліктерді таспаладық.
Сапардың екінші күні Қазақстан Жазушылар одағынан басталды. Қадыр ақынның ізі қалған Жазушылар одағы. Жалпы әдебиет ұлыларының айрықша қолтаңбасы қалыптасқан жер. Бұл – күллі қаламгердің адаспай табатын мекенжайы – Абылай хан, 105.
Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов түсірілім тобын қабылдап, жақсы бастамаға қолдау білдіріп, «Қазақстан Жазушылары» атты анықтамалық кітапты сыйға тартты. Ақын ағасы туралы айтып, бізге бағыт-бағдар берген де Мереке ағамыз еді. «Қадекең туралы осы кісі көп біледі, осы кісі жақсы айтады» деп мекенжай, байланыс телефондарын табуға көмегін тигізді. Сонымен қатар орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың да Қадыр туралы естеліктерін таспалаудың сәті түсті.
Біз бұл күні Темірхан Медетбектің үйіне бардық. Белгілі ақын, өте мықты ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Темірхан Медетбек. Алматыда «Қалқаман» деген шағынаудан бар. Ақын ағаға алдын ала хабарласып, келісімін алдық та, өзі айтқан уақытында есігінің қоңырауын бастық. Есікті ағамыз өзі ашып, қарсылады. Қадырға іні десек те, сексеннің сеңгіріне таяп қалған бүгінгі қазақ поэзиясының ақсақалы ғой. «Менің Темірхан болуыма бірден-бір септігін тигізген Қадыр ағам еді» деп жабырқай отырып есіне алды абыз ақынды. «Қадыр аға» деген өлеңін оқып, естеліктерін де көсіле айтып берді. Біз бұл шаңырақтан көзі тірі классиктің ақ батасын алып, үлкен шабытпен аттандық.
Біз сұхбат алған тағы бір қаламгер – балалар ақыны, жазушы, журналист Сейфолла Оспанов. Ол – Қадырдың замандасы, үзеңгілесі, бір толқында жүрген қаламдасы. Қадыр ақынның «Сейф – Сейфолла» атты өлеңі де бар екен. «Мен – қазақпын!» атты Жұбан туралы кітап шығардым» дейді ағамыз. «Ағаларым туған, достарым туған асыл топыраққа сәлем айтыңдар, айналайындар!» деп ақ тілегін арнап шығарып салды Сейфолла Оспанов атамыз.
Қадыр хақында тың ойлар айтқандардың бірі зерттеуші, ғалым Жанұзақ Әкім болды. «Қадыр Мырза Әли – әдебиетшілердің ішіндегі ғалым» деп бағасын берді. Жанұзақ Әкім – Оралдың тумасы, жерлесіміз.
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Жақыппен кездесудің де сәті түсті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақынмен емен-жарқын әңгіме өрбіді. Бұдан соң «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың үйіне ат басын бұрдық. Ол ақын ағасы туралы ақтарылып айтты. «Қазақтың Қадыры» және «Корифей» атты (Асанәлі Әшімов туралы) кітаптарын қолтаңбасымен бізге табыс етіп, ризалады.
Қазақтың біртуар перзенті, актер, режиссер, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловпен дидарласып, Қадыр жайында ойларын білдік. Қадыр Мырза Әлидің пьесалары да ерекше. Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында өрбіген әңгіме осы бағытпен өрнегін тапты. Бұл сапардағы әр күніміз бос өткен жоқ. Мемлекеттік мұрағаттан деректер іздестіру, Ұлттық арна қорынан бейнетаспа үзінділерін алу секілді жұмыстар да біз үшін маңызды.
Ең ерекшесі Ұлылардың мәңгі қонысы – Кеңсай қорымына баруымыз еді. Қадыр атамыздың зиратына барып, Құран бағыштап, жерлес екенімізді мақтанышпен сезіндік. Бұдан әрі Жамбыл көшесі, 163 үй мекенжайындағы ақын тұрған үйдегі (1971-1992 ж. ж.) ескерткіш-тақтаны көзбен көріп, Наурызбай шағынауданындағы Қадыр Мырзалиев атындағы көшемен жүріп, көңілімізді бір марқайттық. Бір күніміз осындай сәттерге арналды.
Қадыр ақын жайында ағынан жарылып айтар адам көп, алайда қым-қуыт тіршілікпен жүрген кейбір адамдарды мазалай алмадық. Себебі біз жүрген қала алтын уақытты қадірлейтін Алматы еді. Осындай тығыз уақытқа қарамастан «КАТЭК» жобалы зерттеу компаниясының директоры Қ. Нупов Қадыр ағасы жөнінде сыр шертті. Уақытпен санаспай кешкі сағат 22:00-де сәті түскен сұхбатты жасадық.
Құндыз Шамахұлы – Қадыр ақынның іні-досы ретінде үнемі жанынан табылған жанның бірі. Қазақтың қабырғалы ақынын қолтығынан демеп, қолдау көрсету жолынан айныған емес. Тіпті абыз ақын өмірден өткенде де, ұлықтау шараларының басы-қасынан табылып жүр. Өнерге, өлеңге құрметі ерекше адам. Деректі фильм түсіру мақсатымен алып Алматыға аттанамыз дегеннен-ақ, бір сөзге келместен қолдау білдірген еді. Түсірілім жұмыстары қаланың әр жерінде жасалды. Алматының атышулы кептелісін қаперге алсақ, діттеген жерлерге жету қиынның-қиыны. Оның үстіне, камера, штатив, бір чемоданның ішіне жинақталған жарық беру құралдары және басқа да басты керек асай-мүсейлер бар. Мұндай кезде ең бастысы – көлік мәселесі. Бұл мәселенің шешімін Құндыз ағамыз тауып берді. Өзінің компаниясының атқарушы директоры Жеңіс Шойбековты қасымызға қосып, үлкен көмегін көрсетті. «Lexsus 570» көлігінің ішінде аяғымыз жерге тиген жоқ. Айтылған уақытта мекенжайға келіп тұрады, түсірілім болатын жерге алып барады, сағаттап күтіп отырады. Бұл ретте Жеңіс Абдырахманұлының да адамгершілігін, жайлы мінезін айта кеткен жөн. Түсірілімге осындай жағдай жасаған Құндыз Шамахұлына қалай риза болмайсың?!
Ертесіне қаланың іргесіндегі Жаңалық ауылына ат басын бұрдық. Бұл жердегі «Алаш арыстары» мешітіне аялдап, арыстардың рухына Құран бағыштадық. Сондай-ақ «Алаш» музейіне бас сұғып, құнды жәдігерлермен таныстық. Жол бастаушы – журналист, ғалым, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес.
Түсірілімшілер жолы Қонаев қаласына ұласты. «Ақжайық» демалыс кешеніндегі Қадыр Мырза Әлидің кеуде мүсінін көріп, көзайым болдық. Аталмыш кешенде Ғарифолла Әнес Қадыр ақын туралы сұхбат берді.
Біз жасаған сапар осылай жүзеге асқан болатын. Бір аптаға ұласқан түсірілім жұмысы – үлкен аманат. Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының парағына жазылып қалар тарихи сәттің бірі болғаны анық. Әдебиеттің алыбы Қадырға қызмет қыла алсақ, арман бар ма...
Р.S.
Бұл фильм осы жылдың желтоқсан айында көрерменге жол тартпақ. Орал қаласы мен Алматы шаһарында деректі фильмнің таныстырылымын жасау жоспарымызда бар.
Айнабек Бисенғалиев,
Қадыр Мырза Әли атындағы
облыстық мәдениет және өнер орталығының
мәдени ұйымдастырушысы
фотоға түсірген Мақсат Тұяқ