Белгілі қаламгер, ақын Аманғали Сұлтан өмірден озды деген қаралы хабарды естіп, көңіліміз құлазып қалды. Ол туған жерден шалғайда өмір сүрсе де, жүрегі елім деп соққан арда азамат еді.
Аманғали Сағынұлы 1936 жылдың 5 желтоқсанында Ақжайық ауданының Талпын ауылында туды. Оның балалық шағы күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Аманғали 5 жасқа қадам басқанда алапат соғыс өрті тұтанып, дүние астан-кестен болды. Әкесі Сағын Сұлтанұлы көзі ашық, сауатты кісі, колхоз бухгалтері болатын, қанды майданға аттанып, Отанын қорғап, ауыр жарақатпен ауылына қайтып келеді.
Зерек бала қиындықтарға қарамастан, білім алсам деп талап қылды. Мектепте жақсы оқып, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алматыдағы оқуымен қатар Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтында білім алды.
Аманғали Сұлтан 1961-1975 жылдары Мәдениет министрлігінде, телевидение мен радиода аудармашы, ҚазТАГ-та редактор, бас редактор болып жұмыс істеді. 1975 жылдан бастап Кеңес одағы ыдырағанға дейін 16 жылдан астам уақыт КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының аппаратында қызмет етті.
Ол өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқара жүріп, қолынан қаламын тастамады. Ақынның тырнақалды туындысы Батыс Қазақстан облысының «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланды. Ал 1961 жылы «Талтүс» атты жыр жинағы жарық көрді. Аманғали аға Мәскеуде жауапты қызметте болған жылдары өндіре жазып, «Кең дала» (1977), «Айдын шалқар» (1979), «Антилопья трава» (1982), «Жазғытұрым жаршысы» (1984), «Құтты мекен» (1987) сияқты жинақтардың ауторы атанды. Туған жер, өскен өлке, замандастар, адамгершілік, махаббат тақырыбы ақын шығармаларына арқау болды.
Аманғали Сағынұлы аудармашылықпен де айналысып, белгілі француз жазушысы Виктор Гюгоның «Тоқсан үшінші жыл» романын қазақ тіліне тәржімалады.
Қаламгердің шоқтығы биік шығармасы – «Скифиада» екі томдық тарихи дастаны. Бұл – аутордың ширек ғасырға жуық тарихи құжаттардың шаңын жұтып, сарылып отырған ыждахатты ізденісінің жемісі. Туындыда бағзы заманда Еуразия кеңістігін мекендеген сақ-скиф тайпаларының Мәди патшаның басшылығымен Таяу Шығысқа жасаған жорығы суреттелген. Сол арқылы ақын сақтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, өзге мемлекеттермен қарым-қатынасын жырлаған. Көшпелі қауымнан көшпейтін ізгі қасиеттерді көркем сөзбен кестелеген. Осы орайда бұл еңбекті Еуразия өркениетін жан-жақты насихаттайтын шығарма деуге әбден болады. 2011 жылы Алматы, Астана және туған өлкесі Орал қалаларында тұсаукесер рәсімі өткен тарихи дастанды ақынның Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жасаған тартуы деп қабыл алған жөн. «Скифиада» поэмасы көзі қарақты оқырманның және қаламгерлер қауымының, соның ішінде Қадыр Мырза Әли, Мырзатай Жолдасбеков сынды замандас достары әрі қаламдас әріптестерінің жоғары бағасын алды.
Аманғали Сағынұлы жарты ғасырға жуық уақыт туған жерден жырақта өмір сүрсе де, отаншылдық сезіміне сызат түсірмеді. Батыс Қазақстан өңірінің ақын-жазушыларымен шығармашылық байланыста болып, пікір алмасып тұрды. Туған апасы Қымбат Сағынқызы мен жездесі академик Шора Сарыбаевтың шаңырағында қазақ зиялы қауымының асылдарымен кездесулерде елдегі мәдени және әдеби жаңалықтар жайында дидарласып, туған еліне деген сағынышын басатын. Кеңес одағының танымал ақыны Расул Гамзатов сынды зиялы қауым өкілдеріне қазақтың мәдени болмысын танытып жүрді.
Ақын ана тілін, атамекенін, ұлт мәдениетін, төл тарихын өмірінің соңына дейін дәріптеп өтті. Ресейдегі қазақ қоғамдық ұйымдарының қызметіне белсене атсалысып, жастарға жол көрсетті. Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі ұйымдастырған түрлі іс-шараларға қатысып, екі ел ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосты.
Аманғали Сұлтан ұлт мүддесіне қызмет етіп, жұртының сөзін сөйлеген арда азамат. Ал отбасында қарапайым, аяулы жары скрипкашы Рая апай екеуі төрт бала өсіріп, немере сүйді. Артында мол әдеби мұра қалдырған ақынның жауһар жырлары елімен бірге мәңгі жасай бермек.
Аманғали Сағынұлының отбасына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз.
Ағамыздың жатқан жері жарық, рухы шат болсын!
Ақұштап Бақтыгереева,
Отан, Құрмет ордендерінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығы мен «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор