Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімі Тимур Шиниязовтың төрағалығымен кеңейтілген лездеме өтті.
Лездемеге бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айбек Ғазезов аудандық полиция бөлімінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстармен күрес бойынша атқарылған жұмыс туралы баяндады.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрболат Әбдірешев «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов болса, мерзімді баспасөзге жазылуға шақырды. Жиыннан аудандағы қылмыстардың өршіп тұрғанынан хабардар болдық. Сәйкесінше қылмысты ашу және алдын алу бағытында да жұмыс жүргізіліп жатқанын естідік. Айбек Талапұлының айтуынша, осы жылдың он айындағы қорытындысы бойынша бөлімнің криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілдерімен біркелкі жұмыс атқарылуының арқасында өткен жылда жасалған бес қылмыс ашылған. Оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау, пәтер, мал ұялы телефон ұрлығы қылмыстары бар. Аудандағы кәсіпкерлік жөнінде оралымды ой айтқан Нұрболат Зұлпықарұлы бірнеше түйткілді жайтты да қозғады.
- Ауданымызда «Ауыл аманаты» бойынша үш жүз он бір миллион теңге қаражат бөлініп, елу бес несие алушы құжатын «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» тіркеуге алды. Күні бүгінге дейін елу төрт несие алушының құжаты толық мақұлданып, екі жүз отыз тоғыз миллион алты жүз сексен мың теңге комиссия қарауынан сәтті өтті. Бір өтінішті әлі қарап жатыр. Соның ішінде отыз тоғыз несие алушының есепшотына жүз сексен үш миллион жеті жүз сексен мың теңге аударылды. Қалған он бес несие алушыға елу бес миллион тоғыз жүз мың теңге беріледі. Бұл деректерді ел білуі үшін айтамыз. Кәсіп ашсын, өзін, сонымен қатар ауданды дамытсын. Бір-бірінен үлгі алып, жақсы ниетте бәсеке құрылса ғана өркендейміз. Бірақ жобаларды әлі де қарау қажет. Бір ғана мал алуды барлығы ұсынады. Одан өзге жаңаша идея жоқ. Ауыл әкімдері осыны қолға алса екен дейміз. Малдан да өзге кәсіп бастайтын кез келді,- деді Нұрболат Зұлпықарұлы.
Аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов те пікірін білдіріп, ұсынысын айтты.
Оның айтуынша, несиені мүлдем өзге ниетте алатындар көбейген. Мысалы, «осынша мал алдым» деп, оны жақынына тіркейтіндер бар. Ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына одан өзге қадамдарға барып, құйтырқы әрекеттерін жүзеге асырып жүргендерді қатаң тексеруге алуды тапсырды. Сөз соңында:
- «Ауыл аманаты» қиянат жасап, ойымызға келгенді жасайтын бағдарлама емес, - деді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz