Бүгін, облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданында болды. Мақсат – аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың халық алдындағы есебін тыңдау, яғни, ауданда атқарылған жұмыстарға баға беріп, жасалуы тиіс шаруаларды талқылау.
Бұл жолғы кездесу аудан орталығында емес, тірек ауыл саналатын Бөрлі ауылында өтті. Жиынға бірқатар облыстық сала басшылары қатысты.
Өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, алдағы мақсатты айқындайтын жиында аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов өз баяндамасында, қазыналы мекен үшін әзірше өзекті боп тұрған жол, қоғамдық көлік, инженерлік инфрақұрылымдардың тозуы, мамандардың тапшылығы мәселесінен бастады.
Кешенді жоспар шеңберінде іске асып жатырған «Подстепное-Елек» республикалық маңызы бар трассасын (36 км) қайта жаңарту жобасын айтып өтті. Қазіргі уақытта 108-144 шақырым жол учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осы учаскедегі жұмыстарды аяқтау 2024 жылға жоспарланған. Жобаның құны – 17 млрд. теңге.
Сонымен қатар 36-72 және 72-108 шақырым аралықтарындағы жолдың 2 учаскесін қайта жаңарту үшін мердігер анықтау мақсатында КПО б.в. компаниясы тарапынан конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
«Өткен кездесулерде Ақсай-Теректі тас жолының (15 км) орташа жөндеу жұмыстарына мердігер анықтау бойынша сот процесі жүру себебінен тоқтап қалғандығын баяндаған болатынмын. Қазіргі таңда сот аяқталып, мердігер ұйым болып «ДСК Приоритет» серіктестігі анықталды. Алай да, ол ұйым да материалдардың қымбаттауына байланысты жұмыстарды бастамай, тапсырыс беруші облыстық автомобиль жолдары басқармасымен қайта сот процесі жүруде» - деп атап өтті аудан басшысы.
Ауданымыздағы өзекті, тұрғындардың наразылығын тудырып жүрген мәселе электр желілерінің тозуы мәселесі де көтерілді.
Бүгінде облыстық бюджеттен 549 млн теңге қаражат бөлінген Кеңтүбек және Успен ауылдарының электр желілерін қайта жаңарту жобасы іске асып, жұмыстар толық аяқталып отыр. Үнемделген қаражат есебінен Бумакөл және Приурал ауылдарында электр желілерін қайта жаңартуға тиісті конкурстық рәсімдер өтуде. Биылғы жылы мердігер ұйым анықталып, қажетті материалдар сатып алу жоспарлануда. Өз баяндамасында Еркебұлан Нұретдинұлы аталған төрт ауылдағы электр желілерін жаңарту бойынша жобаларды қаржыландыруға қолдау білдірген облыс әкімі Нариман Төреғалиевке ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді.
Бұл жұмыстар аудан орталығында да жалғасады. Ақсайдағы электр желісінің тозуын төмендету үшін оңтүстік бөлігі және 7 шағынаудан мен Қызылтал арасындағы электр желілерін қайта жаңарту үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың баяндамасын тыңдап отырып, ауданның әлеуметтік саласына, оның ішінде білім беру саласындағы жаңалықтарды естіген тұрғындардың қуаныштары еселене түсті. Өйткені ауданымызда бастау алған "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы арқылы ауданымызда 4 жаңа мектеп салынатын болады. Қазіргі таңда Пугачев ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысын мердігер ұйым бастады. Сонымен қатар Ақсай қаласының 13 шағын ауданында 900 орындық және Ықсанов көшесінде 300 орындық жаңа мектептер құрылысын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер жүруде. Оған қоса, жаңа 14-ші шағын ауданында да аталған ұлттық жоба бойынша жаңа 1200, орындық мектеп құрылысы келесі жылға жоспарлануда.
Сонымен қатар, КПО б.в. қаражаты есебінен Жарсуат ауылында 108 орындық жаңа мектептің құрылысы жүруде. Жұмыс кестесіне сәйкес құрылыс 2024 жылы аяқталады деп күтілуде.
Денсаулық саласы бойынша да алға қойған мақсат көп. Аралтал ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында қаржыландырылып, құрылыс жұмыстары аяқталуда.
Жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз алып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Оған қоса, көптің көкейінде жүрген «Подстепное-Елек» республикалық жолының қайта жаңғырту жобасына тоқталып, жалпы облыс көлемінде жол салу мәселесінің өзектілігін айтып өтті. Облыс басшысының сөзінше облысымызда ауыз сумен қамту 94 пайызға, көгілдір отынмен қамту 99 пайызға қамтылған. Ендігі мәселе ауданаралық, ауыларалық жолдарды жөндеу. Электр желілерінің тозуы жөнінде де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл жөнінде журналисттерге берген сұхбатында аймақ басшысы:
- Кездесу форматы өзгеріп, ауылдық жерлерге келіп, ауыл халқымен кездесіп отырмыз. Бұл енді біз үшінде, облыс халқы үшінде жаңашылдық болып жатыр. Мұнымен бүгінгі билік халыққа жақын екендігін білдіргіміз келеді. Бүгінгі кездесуде Бөрлі ауылының тұрғындары ауылішілік жол мәселесін көтерді. Екінші сұрақ электр желілерінің тозуына қатысты болса, тұрғындар көтерген үшінші сұрақ, медицина саласының сапасына қатысты болды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында Бөрлі аудандық ауруханасын ауданаралық ауруханаға жаңғырту жоспарлануда. Жаңғыртудан өткен соң Бөрлі ауданаралық ауруханасы 4 ауданның 100 мыңға жуық тұрғындарын стационарлық медициналық қызметтермен қамтитын болады. Аурухананы жаңғырту кезінде биылғы жылы 217,3 млн теңгеге 5 медициналық жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары жалпы суммасы 1,8 млрд теңгеге 14 бірлік медициналық жабдықтар алынады. Оның ішінде магнитті-резонансты томограф және ангиограф. Екінші мәселе – жол. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асуда. Бағдарлама арқылы осындай халық саны көп Бөрлі ауылы сынды ауылдар қамтылатын болады. Тұрғындар тарапынан қойылған электр желісінің тозуы өте күрделі мәселе болып отыр. Облыс көлемінде электр желісінің тозуы 82 пайызды құрайды. Қаланың өзінде кешегі ауа-райының қолайсыздығында Орал қаласында кей жерлерде жарықтың өшіп қалуы орын алды. Бұл мәселе бойынша былтырғы жылы кешенді жоспар дайындалған еді. Біз республикадан 20 млрд теңге қаражат сұрап отырмыз. Былтыр неге тоқтап қалды десеңіз, ел қазынасынан тиісті қаражатты облысқа бөлу үшін қолданыстағы заңға өзгертулер енгізу керек болды. Сонымен тоқтап қалды. Қазір заңға енгізіліп, министрлік айналысып жатыр. Оған қарамастан, ішкі жұмыстар арқылы аталған мәселемен жұмыстанатын боламыз, - деп атап өтті.
Кездесу соңында аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін басқарма басшыларымен бірге қарап, нақты тапсырмалар берді.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz