Кез келген елдің арқа сүйер басты қорғаны – ер азаматтар екені белгілі. Ал сол азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын абыроймен атқару үлкен жауапкершілік әрі зор міндет. Әскери қызметшілеріміздің қатарына жыл сайын екі мәрте жаңа толқын қосылып тұратындығын ескерсек, әскерге шақыртылылатын әр ер жігіттің Отан алдындағы міндеттерін толық түсініп, нағыз патриотқа айналуына алғашқы шақыртылған әскери пунктінің заман талабына сай болуы маңызды.
Осы мақсатта, Ақсай қаласында жаңадан әскерге шақырту пункті салынып, пайдалануға берілді. Бұрынғы пункт ғимараты 1963 жылы салынып, қазіргі уақытта апатты жағдайда болған еді. Сонымен қатар, ғимарат заманауи талаптарға сай келмейтін, әскерге шақыру науқанында медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жоқ болатын. Осыған байланысты жаңа шақыру пунктін салудың шұғыл қажеттілігі туындаған еді.
Биылғы жылдың ақпан айының соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиевке апатты жағдайдағы ескі ғимарат көрсетіліп, жаңа нысанның жобасы таныстырылған болатын. Араға 9 ай салып, облыс басшысы жаңа әскерге шақыру пунктінің ашылуына қатысты. Зәулім ғимараттың бірінші қабатында кезекші бөлме, шақыру комиссиясы отырысының кабинеті, дерматолог, хирург, стоматолог, психиатр, невропатолог, отоларинголог, офтальмолог, терапевт дәрігерлер-мамандардың кабинеттері болса, екінші қабатында әскерге шақыру учаскесі қызметкерлерінің кеңселері, акт залы, мұрағат бөлмесі, көмекші кабинеті және әскерге шақырылатындар кабинеті, демалыс бөлмесі бар. Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы 713, 12 шаршы метр болса, сметалық құны 254,904 млн.теңге құраған.
Әскери ғимараттың салтанатты ашылуында облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, аудан халқын көптен күткен жаңа нысанның ашлуымен құттықтады. Әрі аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімнің бастығы, полиция подполковнигі Бекенғали Қарасаевқа ғимараттың және жаңа "Нива" көлігінің кілтін табыс етті. Облыс басшысы жаңа ғимараттың типтік үлгідегі облыстағы алғашқы әскери нысан екенін атап өтті.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz