Шыңғырлау ауданы әкімінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі «Бала тілі – бал» атты фестиваль өткізген болатын.
Екі кезеңнен тұратын фестиваль онлайн басталып, аудандық мәдениет үйінде қорытындыланды.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін байқау - аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Хамидолла Темірбекұлының авторлық жобасы.
Мерекелік концерттің алдында аудандық орталықтандырылған кітапхана мамандары фестиваль қатысушыларына түрлі ойын ойнатып, би билетіп, ән салдырды. Келген аниматорлар балалардың көңіл күйлерін көтерсе, кітапхана ұжымы және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Жұмағалиұлы кітаптар, тәттілер мен түрлі сыйлық таратып бүлдіршіндерді тағы бір қуантты.
Фестивальдің бірінші кезеңі бойынша жүлделі орынға ие болған және белсене қатысқан аудан балабақшаларының тәрбиеленушілерін бөіл басшысы Олжас Сейтимов марапаттады. Ауданның жеке кәсіпкерлері С.Намиева, Е.Тұрмағамбетов, А.Исанова, З. Хайруллина, Ә. Исламбековке қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
Ары қарай концерттік бағдарламаға кезек келіп, бүлдіршіндер өнерлерін паш етті.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz