Бүгін Жаңақала ауданында аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы Ерлан Қажиевтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті.
Аппарат кеңесіне округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары қатынасты.
Жиынның күн тәртібінде Жаңақала ауданының 10 ай ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдық округтердің қысқы мерзімге дайындығы, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жылыту қазандықтарының жұмыс жасауы және округ әкімдерінің 4-тоқсандық есептік кездесуі сынды мәселелер талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша аудандық эконмика және қаржы бөлімінің басшысы Ақылбек Семенов баяндама жасады.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі бойынша биыл 10 айда нақты көлем индексі 69,1 пайызды құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға кеміген. Оның себебін бөлім басшысы асфальт-бетон шығаратын шағын зауыттың биыл іске қосылмағандықтан деп түсіндірді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоспар толық орындалады деп болжамдалса, құрылыс саласында биыл іске қосылған тұрғын үйлердің көлемі 4 614 шаршы метр болып, 2022 жылмен салыстырғанда 65,6 пайыз болып, жоспар орындалмай отырғандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ Ақылбек Қайырболатұлы тиісті мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарында жүргізілген құрылыс есебінің статистика басқармасына уақтылы тапсырылуын қадағалауды сұрады.
Екінші мәселе бойынша Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапанов қысқы маусымға 85 пайыз дайын екендігін және жергілікті тұрғындар қысқы мал азығын артық көлемде емес, белгілі мөлшерде ғана алып, қыстың көзі қырауда шөп іздеп сандалып жүретіндерін айтып кетті.
Жолдың нашарлығынан жиынға қатыса алмаған Жаңақазан ауылының әкімі Сәдуақас Ғұбашев бейнебайланыс арқылы жолдан өзге мәселелер тұрақты шешімін тапқанын, ауыл халқы қысқы мерзімге 99,9 пайыз әзір деп ақпаратын берді.
Үшінші мәселеге тоқталар болсақ, округ әкімдерінің 4-тоқсандық есептері жергілікті тұрғындармен жеке қабылдау өткізгеннен кейін тыңдалады.
Сонымен бірге келер жылдың І жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу және қолайсыз ауа райы кезінде мекемелерді жарық генераторларымен қамтамасыз ету сынды мәселелер қаралып, жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz