30.11.2023, 11:15
Оқылды: 78

Жаңа әдіс қолданысқа енгізілді: «Тайман тігісі»

Облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының  кандидаты, онкохирург  Тайман Аманов  асқазан мен өңеш қатерлі ісігіне хирургиялық ота жасаған кезде тігудің жаңа әдісін қолданысқа енгізді. Дәрігерлер қауымы «Тайман тігісі» деп атап кеткен хирургиялық тәсілге былтыр медициналық ғылыми зерттеу жүргізіліп, Ұлттық зияткерлік меншік институты патент берген. Бұл тәсілмен ота жасалған өңірдегі 80 науқастың ешқайсысында асқыну жағдайлары тіркелмепті.

2023_10_31_ce529f1f-ac0d-4ecb-838f-bc956b1156a4

Облыстық онкологиялық диспансер директоры Зейіл Мағзомовтың мәліметінше, өңірде жыл сайын 120-130 адам асқазан қатерлі ісігі, 80-110 тұрғын өңеш қатерлі ісігі диагнозымен тіркеледі. Онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры – бірінші, өкпе обыры – екінші, ал асқазан обыры үшінші орында. Өңеш қатерлі ісігі бесінші орында екен. Қатерлі ісікке шалдығатындар саны облыста  жыл сайын артуда. Нақтырақ айтсақ,  2021-2022 жылдары 100 мың халыққа шаққанда асқазан обыры 18,6%-дан19,3%-ға, ал өңештің қатерлі ісігі 11,3%-дан 14,2-%-ға артқан. Әсіресе, қылтамақ 29,2%-ға көбейген. Биылғы 9 айда 100 мың тұрғынға шаққанда асқазан обырымен сырқаттанушылық 15,2%-ды, өңеш обыры 8,8%-ды құрады. Бұл – республикалық көрсеткіштен  жоғары.

Өңеш пен асқазан қатерлі ісігінің 58,3-61%-ына хирургиялық ота жасауға тура келеді екен.  Мақала басында сөз болған жаңа тәсіл осы салада  қолданыла  бастаған. Тайман Төлеуғалиұлы ота барысында қолдана бастаған тігістің жаңа әдісі медицина тілімен айтқанда, «эзофагогастро және гастроэнтеро-анастомозды тігу» деп аталады екен. Онкохирургтердің айтуынша, бұл әдіс отадан кейінгі асқынулардың санын азайтып, емдеу динамикасын жақсартқан. Соған сәйкес ота жасау уақыты да қысқарыпты. Бұрын операциялар классикалық тігіс түрімен 3,5 сағатқа жуық уақытты алатын болса,  бұл әдіс арқылы екі сағат 15 минутқа  дейін  қысқартылады  екен.

– Обыр ағзаның жан-жағына жайылып, метастаз бере бастағанда қатерлі ісікті сылып тастау қиын емес. Күрделісі – қалған дене мүшелерінің қызметі бұзылмайтындай қылып, өзара  байланыстыру. Өйткені бұрын өңеш пен асқазанды  бір-біріне тіккеннен кейін тігісі сөгіліп кететін немесе ас өтпей қалатын жағдайлар кездесетін. Бұрынғы әдістен бас тартып, бір қатармен тігу тәсілін ұсынып, ота жасадық. Бұл – адамның асқазанын немесе өңешін алып тастағанда бір-біріне байланыстырып тігу үшін жасалатын отаның тың әдісі.  Анастомоздар асқазан мен өңешке өте күрделі ота жасаған кезде ғана қолданылады. Бұл әдіспен жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастадық, науқастар сауығып шығуда. Отадан кейін зақымдалған аймақ толық қалпына келуде, – деді онкохирург Тайман Аманов.

Онкохирургия саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар Тайман Төлеуғалиұлы жетілдірген әдістеме отадан кейінгі асқыну санын нөлге дейін кеміткен. Яғни операциядан өткен науқастар 100% сауығуға бет алған.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале