Бүгін Тәуелсіздік күніне орай өңірдегі дене шынықтыру пәні ұстаздары арасында өткен ашық қалалық спартакиада қорытындыланды, деп хабарлайды Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің баспасөз маманы Аружан Ержанқызы.
«Осымен үш аптаға созылған, әр аптаның сенбі-жексенбі күндері қала мектептерінде өткен дене шынықтыру пәні ұстаздары арасындағы ашық қалалық спартакиада өз мәресіне жетті.
18 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен БҚО білім басқармасы мен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған сайыс қатысушыларына алғысымызды айтамыз.
Облыстық, қалалық және 11 ауданның ұстаздары арасында өткен тартысты доданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте І орынды Орал қаласы мектептерінің құрама командасы иеленді. ІІ орынға Ақжайық ауданы мектептерінің құрама командасы лайық болса, ІІІ орын Бөрлі ауданы мектептерінің құрама командасына бұйырды.
Әр кезең бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатары да анықталып, үздіктер марапатталды», делінген қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің хабарламасында.
Айта өтейік, осыған дейін ұстаздар арасында спартакиада басталғанын, оған қатысуға өңір бойынша 13 команда ниет білдергенін жазған едік.
zhaikpress.kz