Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов Алғабас ауылындағы халықпен кездесу жиынына арнаған сапарында ең алдымен округтегі Әлібек Сармағанбетов жетекшілік ететін «Ешекен» шаруа қожалығына тоқтады.
Шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған.
Қожалық негізінен мал бордақылау «Әулиекөл» етті, асыл тұқымды мал өсіру мен айналысып келеді.
Қожалықтағы мал 2019 жылы Қостанай облысынан әкелінген.
Аудан әкімі қожалықтағы малдың бағымы, техникалар мен қыстаққа әзірленген мал азығының жағдайымен танысып, еңбек адамдарымен пікірлесті.
Одан соң Жұмагелді Жолдыбайұлы Алғабас ауылы орталығында құрылысы басталған мешіттің бүгінгі жай-күйімен танысты.
Жаңа мешіттің тиісті рұқсаттама құжаты облыстық дін істері басқармасы мен беркітіліп, құрылысты қаржыландыру, жұмысын жүргізу жағы ауылдағы демеуші азаматтар мектеп бітірген түлектердің қолдау, көмектерімен қолға алынған.
Округтегі мәдениет үйінде өткізілген халықпен кездесу жиынына аудан әкімімен бірге аудандық мәслихаттың төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық полиция бөлімінің бастығы Тимур Айтуғанов, аудандық мансап орталығының директоры Саламат Иманғалиев тағы басқа да бөлім басшылары қатысты.
Ауылдық округтің әкімі Өркен Әменов өзінің тұрғындар алдында жасаған есептік хабарламасында кейбір негізгі мәселелерге тоқталды.
Соның ішінде округтің төрт көпбалалы отбасы қайтарымсыз грантқа ие болып, бақша өсіріп, наубайхана, қолөнер жұмысымен айналысып келеді.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында округте үш өтініш қабылданып, 20 сүтті бағыттағы ірі қара мен 140 қой сатып алуға келісім шарт жасақталған.
Ал алғабастықтарды мазалайтын мәселенің қатарында ауылда жоғары білімді дәрігердің жоқтығы, Сасықкөлге фельдшер қажеттігі, спорт алаңына күрделі жөндеудің қажеттігі болды.
Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіл Бақтияров округтегі салынбақшы 10 үйдің келешек жоспары, бас мал дәрігері Төлеген Бекшорин малдан қан алу, таңба, сырға салудағы тұрғындар тарапынан түсінбеушілік, наразылық туралы, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрболат Жұмағазиев округке жаңа жедел жәрдем көлігі қажеттігі, туғанына 100 жыл толғалы отырған соғыс және еңбек ардагері М. Қаналиев атындағы көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынса деген ұсынын айтты.
Қойылған мәселелер бойынша тиісті сала басшылары заңдылық тұрғысында жауаптар берді.
Кездесуде аудандық мансап орталығының директоры Саламат Иманғалиев «Күміс жас» жобасы қоғамдық жұмысқа азаматтарды қабылдаудағы жаңаша өзгерістер, қайтарымсыз грант бөлу жөнінде тоқталып, түсініктер берді.
Жиынды аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылап, қозғалған түйткілді мәселелерге тоқталды.
Мүсірбек Әлібекұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz