Тамыздың 19-ы күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан өнерпаздары Ақтау ауылдық округіне қарасты Черная Падина ауылы тұрғындарына концерт берді.
Концертке «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез бен Ақтау ауылдық округінің әкімі О.Насимуллин қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын ел тұрғындарының барлығы сезінуі керек. Сондықтан, мәдени-көпшілік шаралар тек округ орталықтарымен шектемей, шағын елді мекендерде де өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар партия жетекшілігімен өзге ауылдарда да жалғасатын болады», деді Д.Ғазез.
Шара барысында Е.Аманғалиев Қарасайдың «Қарасай» күйін орындап, Қ.Аюпов «Дариға-дәурен» әнін айтып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Ауыл тұрғындары өз кезегінде аудан өнерпаздарына арнайы ауылға келіп, концерт қойып, тамаша көңіл күй сыйлағандары үшін алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, концерттен кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Д.Ғазез қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтарды қабылдады. Қабылдауда тұрғындар қыс пен көктем мезгіліндегі жол қатынасы және электр жарығының үнемі өшіп қалу мәселесін көтерді.
Тойған Татмакова
Тасқала ауданы