21.12.2023, 10:00
Оқылды: 46

Қала сумен үздіксіз қамтылады

Кейінгі екі жыл ішінде еліміздің бірнеше аймағының коммуналдық  қызметі «сыр берді». Бір қалада жылу, бір қалада су, енді бір қалада кәріз жүйесі істен шығып жатты. Қыстың қамын жаз ойлайтын өңір коммуналшылары биыл кәрі құданы қарсылауға қаншалықты дайын? Суымыз қатып, кәрізіміз бітеліп жатпай ма? Аталған жүйелер қыстың көзі қырауда істен шығып, ел қиналып қалмай ма? Осы сауалдарды «Батыс су арнасы» ЖШС-на жолдадық.

батыс су (2)

Аталған мекеменің бас инженері Аян Ілиясов көп ұзамай сауалымызға жауап қатты. Оның айтуынша, «Батыс су арнасы» жазда біраз шаруа тындырыпты.

– Жаз айларында мекеменің өз қаражаты есебінен ұзындығы 3,4 шақырым су құбыры ауыстырылды. Оған 165 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 500 метр кәріз желісі жаңаланды. Оған 202 миллион теңге қаржы жұмсалды. Одан бөлек облыс әкімдігі бөлген қаражатқа тағы 500 метр су құбырын қалпына келтіріп, 50 метр кәріз құбырын реттелік, – деді Аян Ілиясов.

Өңір әкімдігінің қолдауымен бірнеше жобаны қолға алған «Батыс су арнасы» Орал қаласы Деркөл шағынауданының аумағындағы №19А кәріз сорғысы стансасынан орталық кәріз тазалау стансасына баратын 15 шақырымдық құбыр ауыстырылған. Соның арқасында жоғарыда аталған 19А сорғы стансасы толықтай жөнделген. 2020-2023 жылдары Трекин ауылының аумағында 6 су сору ұңғымасы бұрғыланды.

батыс су (1)

– Сол  арқылы біз жерасты суы кен орнынан алынған ауыз сумен қаланы қамтуға мүмкіндік алдық, – деді Аян Тасқалиұлы.

Одан бөлек Исатай-Махамбет көшесіндегі №2 және Абай көшесіндегі №3 КСС-тар күрделі жөнделуде. Енді №1 кәріз сорғы стансасы жөндеуге жабылмақ. Қазіргі таңда оның жобасы дайындалуда. Сондай-ақ жерасты суларын қалаға жеткізу үшін қосымша 5 ұңғыманың жобасы дайындалып, арнайы сараптамадан өткен.

Жасыратыны жоқ, жазда Зашаған кен­тінің сусыз отырған кезі көп болды. Сол мәселені шешуді де мекеме қолға алмақ.

ЖП батыс су

– Исатай-Махамбет көшесімен ауыз суды Зашаған кентіне айдайтын №20 сорғы стансасы бар. Қазіргі таңда соның қуаттылығын күшейтуді көздеп отырмыз. Ол үшін қосымша диаметрі үлкен құбыр саламыз. Бұл жоба сараптамадан өтті. 2024-2025 жылдары құбырын жаңалаймыз, –деді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның  бас инженері Аян Ілиясов.

Қаланың кәріз жүйесі ескірген. Шолохов көшесіндегі №18А, Мөңкеұлындағы №29 кәріз сору стансаларын жөндеу жөніндегі жоба дайындалған. Сондай-ақ Жайық өзенінен қалаға су беретін станса да тозған. 1963 жылы салынған сорғы апатты жағдайда. Мекеме аталған нысанның техника-экономикалық негіздемесін дайындауда.

– Қаладағы басты мәселелердің бірі – Сарытау тасжолы жағындағы кәріз тазалау стансасының жағдайы. Қазіргі таңда оны жөндеу үшін жоба дайындап жатырмыз. Одан соң қаражаттың бөлінгенін күтеміз, – деді Аян Тасқалиұлы.

Мекеменің бас инженері қыс мезгілінде елге су жеткізу жағынан ешқандай қиындық жоқ екенін айтты. Одан бөлек барлық қажетті техниканы да сайлап қойған кәсіпорын қысқа толықтай дайын деуге болады. Ең басты проблема – тозығы жеткен кәріз жүйелері.

– Күніне кәріз жүйесі бітелді деп 20-30 хабарлама түседі. Оны барынша тазалап жатырмыз. Десе де, барлығына үлгеру мүмкін емес. Кейде кәріз құбырын тазартатын көлік үй ауласына келген кезде қолдан жасалған кедергілерге тап болады. Кейде құдық үстінде көлік тұрады, кей үйлердің ауласына кірер орын жабық болады. Сондай кедергілер кездесетін мекенжайларға баратын уақытта біздің қызметкерлер пәтер иелері кооперативінің басшыларына хабарласады. Мәселенің шешу жолын өзімізше тауып жатырмыз, – деді Аян Ілиясов.

Суреттер «Батыс су арнасы» ЖШС-ның инстаграм парақшасынан және  редакция архивінен алынды

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале