Англияның «Манчестер Сити» клубы футболдан клубтар арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Pixabay
Кездесу барысында англиялық команда бірден шабуылға көшті. Алғашқы шабуылдың өзінде олар қарсылас ұжым қақпасынан саңылау тауып кетті. Бұл голды небәрі 1-минутта Хулиан Альварес өзінің еншісіне жазды.
Ал 27-минутта бразилиялық командадан Нино автогол авторы атанды.
Одан кейін англиялық клубтан Фил Фоден 72-минутта мергендік танытса, Хулиан Альварес 88-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Манчестер Сити» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, өз тарихында тұңғыш рет клубтар арасындағы әлем чемпионы атанды.
Айта кетсек, 3-орын үшін сайыста Египеттің «Аль-Ахли» командасы Жапонияның «Урава Ред Даймондс» клубын 4:2 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдеге қол созды.
Клубтар арасындағы әлем чемпионаты 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Содан бері 11 команда жеңімпаз тұғырына көтерілді. Олардың қатарында «Реал Мадрид» (Испания) - 5, «Барселона» (Испания) - 3, «Коринтианс» (Бразилия), «Бавария» (Германия) - 2, «Ливерпуль» (Англия), «Челси» (Англия), «Интернасьонал» (Бразилия), «Сан-Паулу» (Бразилия), «Милан» (Италия), «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Интернационале» (Италия) -1 мәртеден чемпион атанды.