27.12.2023, 9:30
Оқылды: 22

Ғалымдар отбасы

Орал ауыл шаруашылығы институтының, қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына 60 жыл толмақ. Соған орай мен өзімнің керемет әріптестерім болған оқытушылар, ғылым кандидаттары, доценттер, жоғары оқу орны кафедраларының меңгерушілері Алексей  Родионович  Пигарев пен оның жұбайы Любовь Георгиевна туралы ой тарқатуды жөн көрдім. Бұл ұстаздар – университетте оқыған және жұмыс істеген көптеген адамның тағдырында өшпес із қалдырған тұлғалар.

Фото Пигаревых А.Р. и Л.Г.

Отбасы басшысы Алексей Родионович Пигарев – Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан майдангер.

Соғысқа дейін Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқиды. 1941 жылы тамызда Алексей Родионович Пигарев Фрунзе жаяу әскерлер мектебіне жолданып, қазан айында мектеп түлектерінен 38-ші курсанттық атқыштар бригадасы құрылып, Мәскеуді қорғауға жіберіледі. Алексей Родионович Мәскеудің қорғаныс аймағындағы қанды шайқастарға, Старая Русса аймағындағы ауыр қорғаныс шайқастарына қатысқан.

Оның жауынгерлік жолы 108-ші гвардиялық Николаев «Қызыл Ту» дивизиясымен байланысты болды. Ол Кавказдың бөктерінен Альпі тау­ларына дейін ұзақ майдан жолын жүріп өтіп, Днепр үшін болған ауыр шайқасқа қатысты. Николаев, Одесса қалаларын азат етті. Молдова, Румыния, Болгария, Венгрия, Югославия, Австрия жерлерін азат етті.

Алексей Родионович «Батылдығы үшін», «Жауынгер­лік еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Будапештті алғаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған.

Мәскеудің құрылғанына 850 жыл толған жылы Алексей Родионовичке Георгий Жуков медалі  табыс етілді.

Майданнан оралған соң ол А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазіргі М. Өтемісов атындағы БҚУ) тарих факультетіне оқуға түсті.

Институтты бітіргеннен кейін 11 жыл бойы Орал ауыл шаруашылығы техникумы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Әрі қарай Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты құрылған 1963 жылдан бастап КОКП тарихы кафедрасында еңбек етіп және көп ұзамай М. В. Ломоносов атындағы ММУ-ның аспирантурасына түсті.

1970 жылы тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап, ЖОО-да доцент, ЖОО дайындық бөлімінің меңгерушісі, кафедра меңгерушісі лауазымдарында қызметін жалғастырды.

Ұлағатты ұстаз «Еңбектегі жоғары жетістіктері үшін КСРО жоғары мектебі» медалімен марапатталған.

Бүгінгі күні соғыстың отты жылдарынан өткен Алексей Родионович біздің арамызда  жоқ, бірақ ол туралы естеліктер сауатты, білімді, жоғары адамгершілікке ие болған адамдардың жүрегінде мәңгілікке сақталып қалды.

Ол бақытты сарбаз, жастардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеген ақылды, мейірімді және жанашыр тәрбиеші болды, үлкен мейірімді жүрегі болды, студент жастардың мәселелеріне өте сезімталдықпен қарады.

Қазақ тілін жетік меңгер­ген Алексей Родионович ЖООның дайындық бөлімінде қызмет ете жүріп, студенттерді әрдайым қолдап, тілдік және мәдени ортаға бейімделу үшін көп еңбек сіңірді.

Алексей Родионовичті әрдайым және барлық жағынан жұбайы Любовь Георгиевна қолдап отырды. 55 жыл бойы олар ерлі-зайыптылар ретінде бірге тату-тәтті өмір сүрді. Екеуі де ғылым кандидаттары, доценттер, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында, қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да кафедра меңгерушісі болып еңбек етті. Олар студенттерге тек білімді ұстаздар ғана  емес, сонымен бірге ерекше ақылдылықтың үлгісі болды, шәкірттерін әдептілікке, адалдыққа, ғылымға деген адалдыққа тәрбиеледі.

Любовь Георгиевна – шығармашылық жұмыс стилі лайықты құрмет пен сенімге ие болған тамаша маман және педагог еді. Оқытушылық қызметімен қатар ол ғылыми жұмыстармен белсенді айналысты, өзінің ғылыми мектебінің ізбасарларын дайындады.

Ол Н. Вавилов атындағы Бүкілодақтық өсімдік шар­уашылығы институтының сырттай аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғады. 70-тен астам ғылыми еңбегі, монографиялары және оқу-әдістемелік құралдары бар. Физика және ауыл шаруашылығы метеорология кафедрасының меңгерушісі болды. Оның жоғары кәсібилігі, тамаша ұйымдастырушылық қабілеті еңбегіне мол жеміс берді. Оның дәлелі – Любовь Георгиевнаның жолын жалғастырып, ғылым жолына түскен шәкірттері.

Еңбекқорлық – өмірдегі сәттілікті анықтайтын маңызды қасиеттердің бірі. Ол институт пен қаланың қоғамдық-саяси жұмыстарымен де белсенді айналысты. Кәсіподақтың жергілікті комитетінің төрағасы, радиогазет редакторы, академиялық топтың аға кураторы, әйелдер кеңесінің төрағасы және институт парткомының мүшесі, Қазақстан КП Орал қалалық комитетінің мүшесі болды.  Университеттің, Орал қалалық партия комитетінің және ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Олардың 40 жылдан астам өмірі осы университетпен тығыз байланысты. Екеуі де оқу орнының еліміздің ең ірі ғылым және білім беру орталықтарының біріне айналуына зор еңбек сіңірді.

Пигаревтер екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Валентина, кішісі – Вера.

Вера Алексеевна – химия ғылымдарының докторы, профессор, 20 жылдан астам уақыт Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры болды.

Икемділік, бейімделу, эмоционалды интеллект, шығармашылық ізденіс осынау қасиеттер Вера Алексеевнаға ата-анасынан берілген.

Ата-ананың ізімен ғана ұстаз болу мүмкін емес, ол үшін үлкен жүрек қажет. Вера Алексеевна өте әдепті, адал, сенімді адам, өйткені ол – ата-анасының ісін жалғастырушы. Константин Дмитриевич Ушинский: «Егер сіз жұмысты сәтті таңдап, оған бүкіл жаныңызды салсаңыз, онда бақыт сізді өзі табады» деген екен. Расында да Вера Алексеевна бақытын тапқан жан.

Мен сонау жылдарда университетте классикалық кеңестік ғылыми мектепте, жоғары біліктілік дайындығынан өткен ғалым-оқытушылардың тамаша шоқжұлдыздары жұмыс істегенін мақтанышпен айта аламын. Олардың әрқайсысы университеттің бет-бейнесі, оның мақтанышы болды. Солардың ортасында Пигаревтер әулеті де бар дер едім.

Қазыбай бозымов,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале