Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат бөлімі мен “Жәнібек әйелдері” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ерекше балаларға арналған жаңа жылдық кеш өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев, “Жәнібек әйелдері” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Елемесова қатысты.
Кеште сөз алған Мирболат Бауыржанұлы аяз атаны тағатсыздана күткен бүлдіршіндерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Кеш аудан өнерпаздарының әзірлеген ән-биімен, “Лол” қуыршағы мен “Көк трактор” атты заманауи балалар ертегісіндегі кейіпкерлермен, түрлі қызықты ойындармен жалғасты.
Балалар жаңа жылдық шараның басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды өз өнерлерімен тамсандырып, сыйлық алды. Мерекелік кеш соңында аталмыш бірлестіктің мүшелері балғын бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтарын табыстады.
Айта кету керек, “Жәнібек әйелдері” қоғамдық бірлестігі үш ерекше балаға қысқы күртеше алып берді. Ғажайыпқа толы жаңа жыл қарсаңында ерекше көңіл күйге бөленген балалардың бар арман-тілегі орындалсын!
Айсұлу Жұмабай,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz