26.12.2023, 23:24
Оқылды: 135

Жәнібек ауданы: Жыл үздіктеріне ілтипат бөлек

Жәнібек ауданында өз саласына мығым, ісіне шебер де білікті мамандар көп-ақ. Олар күнделікті жұмысынан бөлек аудан, облыс, республика көлеміндегі қоғамдық шаралар мен байқауларға белсене қатысып, аудан абыройын үлкен сахналарда һәм дүбірлі додаларда асқақтатып жүр. 

FB_IMG_1703599399382

Тарих қойнауына өткелі тұрған 2023 жыл Жәнібек ауданы үшін толайым табыстар мен тың жаңалықтардың жылы болды деуге толықтай болады. Әлбетте, қиын тұстары да болды. Атқан оқтай, шапқан аттай зу еткен үш жүз алпыс бес күнде аудан азаматтары туған жердің қызығын да, қиындығын да бастан өткеріп, жұдырықтай жұмылды. Бірлігіміз жылдан-жылға күшейіп, тірлігіміз нұрға бөленді. Көркем көңілімен елім деп еміренген, табысты еңбегімен озық шыққан жыл үздіктерінің аудан дамуына қосқан үлесін ескеріп, оларды марапат төріне шығару маңызды іс деп білеміз. Мұны аудан әкімдігі мен билік тізгінін ұстағандар назардан тыс қалдырмады.

FB_IMG_1703599384977

Аудан орталығындағы «Адай» мейрамханасына арнайы шақыртып, ерекше құрмет көрсетті. Еркін жүздесуге аудан әкімі Тимур Шиниязов бастаған орынбасарлары Жақсылық Абдолов, Мирболат Бисенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов пен аудандағы бөлім басшылары келді. Мәдениет үйі қызметкерлерінің барлығы классикалық үлгіде аудан азаматтарын қарсы алып, төрге шығарды.

Кешті аудан жастары және «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің мүшелері вальспен бастап, ұмытылмас көңіл күй сыйлады. Содан соң алғашқы сөз кезегі аудан әкімі Тимур Серікұлына берілді.

FB_IMG_1703599393667

- 2023 жыл жәнібектіктер үшін жемісті болды. Нысандар бой көтеріп, аудан халқының тұрмысын жақсарту үшін басталған құрылыс жұмыстары да өз мәресіне жетті. Ең бастысы ұзақ күткен республикалық маңызы бар жол пайдалануға берілді. Ауылдарға да көңіл бөлініп, кіреберіс жолдарға жол жабынын төселуде. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін маңызды фельдшерлік-акушерлік пункті салынды. Рухани іс-шаралар, спорттық жарыстар да көп өтті. Міне, бұл жылы келелі істер тындырдық. Мұны айтып тұрғанымның себебі аталған жұмыстарда барлық жәнібектіктердің үлесі бар. Әсіресе бүгінгі шараның қонақтары ауданымыздың көркеюі үшін күн-түн демей қызмет жасады. Олардың ұшан-теңіз еңбегін ұлықтау парызымыз деп есептеймін,- деді аудан басшысы Тимур Серікұлы өз сөзінде.

FB_IMG_1703599399382

Құттықтаулардан кейін жыл үздіктерін марапаттау басталып, толассыз қошемет соғылды. Дана қазақ әрқашан қариясын қадірлеген. Сол дәстүрмен ең бірінші ардагерлер қауымы туралы ой қозғалды. Оралымды ойлардан соң «Құрметті ардагер» атағы Бәтима Азаматоваға табысталды. «Үздік білім беру қызметкері» Назымғаным Нарынова, «Үздік полиция қызметкері» Айбек Мамаев, «Үздік мәдениет қызметкері» Меңдігүл Фазылова, «Үздік селекционер» Айман Филатова, «»Үздік ізкесуші» Рафхат Тайкенжин, «Үздік коммуналдық шаруашылық қызметкері» Бауыржан Сұлташев, «Үздік құрылысшы» Ерболат Хабиев, «Үздік кәсіпкер» Сәния Сұлташева, «Үздік мемлекеттік қызметкер» Айсұлу Абдолова, «Үздік медицина қызметкері» Күлмайра Ишанқұлова, «Үздік меценат» Меңдіғали Рахметов атанды.

FB_IMG_1703599397075

Салтанатты шараның мақсаты үздіктерді марапаттау болса, ерекшелігі спортшыларды қолдау болды. Биыл аудан спортшыларының қанжығасы майланды. Қандай жарыстарға барса да, міндетті түрде жүлдемен оралып, облыс пен республикада аудан намысын ойдағыдан жоғары деңгейде қорғады. Аудан әкімі Тимур Шиниязов спортшылардың еңбегіне екпін түсіре атап өтіп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын спорт жанашыры Ринат Қалмияровқа, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллинның алғыс хатын спорт жанашыры Асқарбек Нығметов пен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің күрес спорты бойынша жатттықтырушысы Нұрлан Сәрсенбайға берді және Тимур Серікұлы өз атынан алғыс айтып, бір топ спортшыны марапаттады. Оның ішінде аударыспақтан ҚР-ның жеңімпазы Бекарыс Бейбітұлы, қола жүлдегер Асуан Құсайынов, ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған облыстық фестивальде жамбы атудан жеңімпаз болған Әлішер Ерболатов, аталған сайыста аударыспақтан 2-орын иеленген Оралхан Ғаббасов, самбо күресінен өткен республикалық турнирде қола жүлдеге қол жеткізген Эмиль Шамелов, қол күресінен ҚР-ның спорт шебері Миржан Мустафин, Астана қаласында өткен ұлттық спорт түрлеріне арналған фестиваль қатысушысы Бекзат Мұсаев, туристік көпсайыстан спорт шеберіне үміткер Азат Қартес, Батырхан Мұратов, аталған спорт түрінен әлем чемпионатының 2-орын иегері Жангүлім Жендетқалиева, самбо күресінен спорт шеберіне үміткер Исламбек Стамов бар.

FB_IMG_1703599410832

Сондай-ақ оларға қолдау көрсетіп, спортшыларға әрдайым демеуші болып жүрген Арсен Кенжеғалиев, Жандос Уәлиев, Архимед Мұқатов, Ринат Мұқатов, Нұрболат Шағыров, Мирболат Теміров, Нұржан Есімов, Әскер Абдолов аудан әкімінің алғыс хатын алды. Жылдың «Ардагер спортшы» аталымына Айдос Нұрбаев, «Жыл спортшысы» аталымына Айдана Өтебалиева, «Жыл жаттықтырушысы» аталымына Нұрбек Орынбаев, «Рухы қайсар жан» аталымына Асылбек Оспанов, «Ұлттық спортты насихатттаушы» аталымына Арман Малаев, «Жыл серпілісі» аталымына Нұрхан Берікқали, «Үздік спортшы мемлекеттік қызметкер» аталымына Еділ Елемесов, «Үміт артар спортшы» аталымына Айбар Жайсанғали лайық болып, «Үздік спорттық ұжым» аталымы шекара басқармасына, «Бұқаралық спортты дамытудағы үздік ауыл» аталымы Өнеге ауылына, «Спортшылар отбасы» аталымы Төлешовтар отбасына табысталды. Салтанатты іс-шара Райымбек Кәрімовтың орындауындағы «Жәнібегім» әнімен мәресіне жетті.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале