27.12.2023, 11:30
Оқылды: 25

Байқоныстың әкімі тағайындалды

Ауыл әкімін сайлау да оңай жұмыс емес. Ол үшін елге жанашырлықпен қызмет атқаратын азаматтарды іріктей білу керек. Осынау істе байқоныстықтар дұрыс таңдау жасай білді. Бұл туралы Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов Байқоныс ауылдық округінің активімен кездесуі кезінде мәлімдеді.  

IMG-20231227-WA0014

Жиында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов өткен жексенбі, яғни 24 желтоқсанда болған Байқоныс ауылдық округі әкімінің сайлауында тұрғындардың берілген дауыс саны бойынша бес үміткердің ішінен Алмас Қоңыровтың топ бастағанын жеткізді.

IMG-20231227-WA0015

 - Әкімдік қызмет деген таңмен тұрған соң жағаны кеңге салып, бас ауған жаққан жүретін жұмыс емес. Бұл қызмет нақты жоспарлауды талап етеді. Күн тәртібіндегі мәселелердің қайысы маңызды, қайсын жедел түре шешу керек? Осыған жіті мән берген ұтады. Ол үшін әрбір мәселе бойынша мәлімет жинаған жөн. Сосын барып шешім қабылдау қажет. Әйтпесе ағам не құдам, болмаса көршім айтты екен деп шаба беретін болсаң, уақытыңның көбі ұсақ-түйекке кетуі мүмкін. Содан келіп іргелі істер кейінге қалып қояды. Міндеттердің, тапсырмалардың орындалмауына себеп осыдан шығады. Өзіңе де, мамандарыңа да, басқа да әріптестерге ортақ іске қатысты қатаң талап қоя білу керек. Әйтпесе жұмыс жүрмейді. Біреулердің көңіліне қарай да ортақ мүддеге кесірін тигізетінін де ұмытпаған дұрыс. Жалпы мемлекеттік қызметшілер өздеріне емес, халыққа ыңғайлы бағытта жұмыс жүргізулері қажет. Жандарын салып жұмыс істейтіндерді халық біледі, қашанда оларға сенім білдіреді. Қажетті қолдауды біз де өз тарапымыздан көрсетеміз, - деген Марат Лұқпанұлы сол жерде Алмас Қоңыровты Байқоныс ауылдық округінің әкімі етін тағайындау туралы шешімге қол қойды. Содан соң осы кезге дейін аталмыш ауылдық округті төрт жыл басқарған Мәлік Сейітовке алғысын білдірді.

IMG-20231227-WA0012

 Өз кезегінде сөз алған Мәлік Сейітов төрт жыл бойы өзімен қоян-қолтық жұмыс жасаған жандарға ризашылығын айтып, бұл жерден біраз тәлім-тәрбие алғанын жеткізді.

Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Таубай, Байқоныс ауылының тұрғындары Бақи Тоқбаев, Махамбет Ерниязов, ауылдық округ кәсіпкерлері атынан Армат Ғалымов және жергілікті әкімдік қызметкерлері сөз алып, бұрынғы әкімінің атқарған жұмысын жоғары бағалап, оған сый-сияпат көрсетіп, жаңа тағайындалған округ басшысына табыс тіледі.

Айта кетейік, ауылдық округтің жаңа әкімі Алмас Қоңыров 1990 жылы туған, осындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы қазақ орта мектебі директорының орынбасары қызметін атқарған. Ол сайлауға өзін-өзі ұсынған болатын.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале