Primeminister.kz редакциясы Қазақстан экономикасы салаларының 2023 жылғы даму қорытындыларына арналған шолуын жалғастырады. Бүгінгі тақырып энергетика және мұнай-газ саласы жөнінде болмақ.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетика саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда трансұлттық мұнай-газ корпорацияларының болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын, атап айтқанда, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы заңнаманың тұрақтылығын көрсетеді.
Сонымен қатар алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылып, жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ су электр станцияларын дамыту жұмысы жалғасын табады.
2023 жылы Қазақстанның энергетика саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы осы материалдан оқыңыздар.
● Қаңтар-қараша аралығында мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 82,2 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. 53,8 млрд м3 газ өндірілді (өсім 12%). 26,9 млрд м3 тауарлық газ өндірілді (өсім 6%).
● 64,3 млн тонна мұнай (өсім 10%) және 5,3 млрд м3 табиғи газ (өсім 8%) экспортталды.
● Отандық мұнай өңдеу зауыттары қаңтар-қазан аралығында елімізде 11,2 млн тонна мұнай өнімдерін өндіріп, жоспарды (101,5%) асыра орындады. Жыл қорытындысы бойынша 13,4 млн тонна мұнай өнімдерін өндіру жоспарлануда.
● Батыс Қазақстан облысында табиғи газдың қосымша көзіне айналатын «Рожковское» ірі кен орны іске қосылды. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. Кен орнын игеру ҚР Ұлттық қорын 500 млрд-тан астам теңгеге, жергілікті бюджетті 110 млрд теңгеге толықтырады.
● Биылғы мамырда «Оңтүстік Ақсай» кен орны, ал желтоқсанның басында «Шығыс Өріктау» кен орны пайдалануға берілді. Орта мерзімді перспективада тағы бірнеше газ жобаларын іске қосу күтілуде, олардың қатарында «Орталық Өріктау» (Ақтөбе облысы), «Батыс Прорва» (Атырау облысы) және «Қаламқас» (Маңғыстау облысы) жобалары бар.
● Оралдағы ЖЭО-ның тарату жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту, Түркістан, Леңгір, т.б. қалалардағы қосалқы станциялардың құрылысы аяқталды.
Қазақстанның Батыс аймағының электр желісін нығайту бойынша стратегиялық маңызды жоба жүзеге асырылды, оның аясында жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық бес 220 кВ электр тарату желісі салынды. Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі жалпы алғанда екі есеге артты. Бұл жоба өңір экономикасының одан әрі дамуына айтарлықтай серпін береді.
● Жаңартылатын энергия саласында жалпы ел экономикасының және саланың дамуына әсер ететін бірқатар маңызды оқиғалар болды:
– 2027 жылға дейін жалпы қуаты 6,7 ГВт болатын ЖЭК объектілерінің құрылысына 5 жылдық аукциондық сауда-саттық кестесі бекітілді. Бұл салаға инвестиция тартып, алдағы жылдары елімізде экологиялық таза энергия өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
– Жалпы қуаты 495,6 МВт болатын 16 ЖЭК объектісі іске қосылды. Жалпы инвестиция көлемі шамамен $450 млн құрады.
Толығырақ: primeminister.kz