Бүгін Жәнібек ауданында үш нысан ашылып, аудан тұрғындарын қуанышқа бөледі. Түске дейін Қамысты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі тұрғын үй пайдалануға берілсе, түстен кейін Ақоба ауылдық округіне 108 орынға арналған мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Ақобалықтардың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, «КПО б.в» компаниясының әлеуметтік жобалар менеджері Ерлан Божкенов, «Жаиксельстрой» ЖШС бас директорының орынбасары Ерлан Өзбеков, облыстық білім басқармасы басшының орынбасары Бисенбек Насимуллин, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев, аудан әкімі Тимур Шиниязов келді.
Алғы сөз Тілепберген Ерсайұлына беріліп, ауыл тұрғындарын құттықтады.
- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде ауыл мектептерін қолдауға бағытталған «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың орынға арналған жаңа мектеп ғимараттарын салу жоспарланды. Бұл тұрғыда сіздің, яғни Ақоба ауылында да зор қуаныш. Ғимараттың жалпы ауданы 1536,28 шаршы метр. Бұйырса Х.Халиуллин атындағы мектептің оқушылары үшінші тоқсаннан бастап жаңа мектепте оқиды. Қаржыландырған «КПО б.в» компаниясына, құрылысты жүргізген «Жаиксельстрой» ЖШС-ға алғысымды білдіремін, - деді Т.Каюпов.
Өз кезегінде «КПО б.в» компаниясының әлеуметтік жобалар менеджері Ерлан Шерниязұлы да сөз алып, жәнібектіктерге толайым табыс тіледі. Ақобалық ақсақал, ауыл ардагері Мұрат Мұхамбетқалиев ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.
«Жаиксельстрой» ЖШС бас директорының орынбасары Ерлан Шафхатұлы Х.Халиуллин атындағы мектептің директоры Елдос Әліпқалиевке мектептің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Жаңа ғимараттың лентасын Тілепберген Ерсайұлы мен ардагер ұстаз Захара Халиуллина қиды.
Әжелер шашу шашып, қонақтар мен ауыл тұрғындары мектепті тамашалауға ішке кірді.
Райымбек Шапағат,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz