Жаңа жыл мерекесі қарсаңында оқушылар ҚР Президентінің мерекелік құттықтау ашық хаты мен энициклопедия және арнайы жолдаған сыйлықтарын алды. Мемлекет басшысынының балаларға арналған сәлемдемесін облыс және қала әкімдері тарту етті. Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мереке қарсаңында ҚР Президенті Қасым Жомарт Кемелұлына хат жазған оқушылардың бірі – Дина Бавгашева. Қаламыздағы №24 орта мектептің 9 сынып оқушысы өз хатында еліміздің дамып, гүлдене беруін тілейтінін жеткізген. Сонымен қатар өзі туралы айтып, бос уақытында сурет салумен шұғылданатынын жазған.
Бүгін қала әкімі Миржан Сатқанов Жаңа жыл кейіпкерлері Аяз ата және Ақша қармен бірге Динаның үйіне барып, өзін және бауырларын арнайы құттықтады. Балаларға тәттілер тарту етіп, Динаға өзінің қалауы бойынша мольберт пен сурет салу құралдарын сыйға берді.
Сонымен қатар қала басшысы облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі, №20 мектептің 8 сынып оқушысы Родион Юткинді құттықтап, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Родион балалар ауылында екі бауырымен бірге тұрады, белсенді оқушы. Спортпен айналысатын ол сыйлыққа коньки алуды армандаған екен. Бала тілегі орындалып, мереке қарсаңында мерекелік тәттілермен бірге конькиге де ие болды.
Орал қаласы бойынша мемлекет басшысына хат жазған бірнеше оқушыға арнайы сыйлықтар табысталды.
zhaikpress.kz