4.01.2024, 17:45
Оқылды: 23

Жәнібектік спортшылар қалай жаттығады?

Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова келді.

жанибек (1)

Аудандағы ауыл һәм мал шаруашылығының ахуалын облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов, Жәнібектің тыныс-тіршілігін аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов және аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов таныстырды.

жанибек (2)

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ауданға атбасын бұрған Арман Кәрімұлы мен Ләззат Тұяқбайқызы аудан көлеміндегі біраз жұмысқа қанықты.

Тақтайдай тегіс жолмен зулап жеткен жәнібектіктердің жалпы жағдайын жол үстінен-ақ аңғаруға болады. Оның үстіне аудан спортшыларының былтырғы жетістіктері барша қазаққа тарады. Облыстық, республикалық, тіпті әлемдік деңгейге шыққан жастар – жарқын жетістіктің дәлелі. Ал олар қалай, қандай жағдайда жаттығады?

жанибек (3)

Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары назарынан тыс қалмады. Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова әуелі аудандық «Жәнібек» спорт клубының жұмысымен танысты. Спорт кешенінің жұмысын баяндаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев ғимараттың озық сапасы балаларға жаттығуға қолайлы екенін жеткізді. Спорт клубы 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Тапсырыс беруші «КПО б.в» ұйымы мамандарының берген мәліметіне сай нысанның құрылысына «Наурыз» ЖШС жауапты болды. Келісімшарт құны 315 688 246 теңгені құрап, бақандай 160 көрерменге арналған ғимараттың сапалы құрылысы осылайша мәресіне жеткен. Бүгінгі таңда спорт клбуындағы он бір үйірмеде жүз жиырма сегіз бала жаттығады. Таңертеңнен кешке дейін оқушыларды қабылдайтын спорт кешенінің есігі кешкі уақытта ересектерге ашылады. Бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасайтын жаттықтырушылардың да еңбегі зор екенін айта кеткен дұрыс. Бокс спортына баулитын Нұрбек Орынбаевтың шәкірттері жаттығып жатқан залға кірген басшылар жоғары баға берді. Содан соң көрермендерге арналған орынның сапасын тексеріп, күрес залына беттеді.

жанибек (4)

Жаттықтырушысы Ерғазы Темірғалиев те бір топ баланы жанына жинап, қызу дайындыққа кіріскен. Көзімізше бірнеше әдіс-тәсілді көрсетіп, биыл да жүлдеге таласа алатын қарқындары бар екенін аңғартты.

жанибек (5)

Оқушылардың көзіндегі отты байқаған депутаттар жас спортшыларды үнемі қолдау керектігін айтты. Осы орайда «Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов те ортадан табылып, қазіргі таңдағы жұмыс барысын тарқатып, мәселеле, ұсыныстарымен бөлісті.

Ақтілек Әлібек,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале