Бүгін еліміз бойынша православие христиандары Рождество мерекесін атап өтуде. Осыған орай Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық "Луч добра" этномәдени бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Семилидий, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов православ өкілдерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Құттықтаушылар ең алдымен еңбек ардагері, Сайқын ауылының байырғы тұрғыны Людмила Березинаның шаңырағына бас сұқты.
- Біздің көпұлтты мемлекетімізде мұсылман мерекесі – Құрбан айт, Христиандық рождество, басқа да ұлттық діни мерекелер аталып өтеді. Бұл біздің тәуелсіз елімізді мекендеген көптеген этностардың арасындағы достықтың, ауызбіршіліктің айқын дәлелі болып табылады. Бірлігі мығым елдің келешегі де жарқын. Осындай айтулы күнде сізді де құттықтауға келіп қалдық. Саулығыңыз сыр бермесін, ұрпағыңыздың ортасында дін аман отыра бергейсіз, - деп ақжарма тілегін арнады аудан басшысы.
"Луч добра" қоғамдық ұйымының жетекшісі Дмитрий Семилидий де: "Ұл-келіндеріңіз бен немерелердің жанында қызықтарына тоймай, жақсылықтарына куә болып отырғанның өзі зор бақыт. Сексен екі жасқа аяқ бассаңыз да әлі тың көрінесіз. Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін, - деді.
Мереке күні елеп-ескеріп, арнайы келген қонақтарға кейуана да ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Ізгілік пен мейірімділікті мақсат тұтқан "Луч добраның" мүшелері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды да ұмыт қалдырмады. Азық-түлік пен тәтті сыйлықтарын да әр үйге арнайы барып таратты.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz