Бүгін Қарағандыны өздеріне қаратқан, аудан намысын соңына дейін қорғап, «Nomad futbol ligasy» турнирінен жеңіспен оралған, 2012-2013 жылдарында дүние есігін ашқан жасөспірімдерден құралған «Жәнібек-Supernovas» командасын қарсы алдық.
Жәнібек ауданына кіреберістен аудандық футбол федерациясының төрағасы Жандос Уәлиев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сырым Байсов және «Жайлау» ат спорты кешенінің шабандоздары қарсы алып, жас аяқдопшыларды құттықтады. Көк Туымызды желбіретіп, орталық көшемен жеңіс дүбірін барша аудан жұртына естіртіп, орталық алаңға аялдадық. Мұнда аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев жеңіс жалауын желбіреткен жерлестерімізді күтіп алып, қуаныштарымен бөлісті.
Бұл ортадан олардың ата-аналары да табылып, арқа-жарқа болды. Өңір атын шығарған ұлдарын мақтанышпен құшаққа алып, сағыныштарын басты.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz