Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ауданда көптеген әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асуда. Бұл кеселмен түбегейлі күресу үшін ел-жұрттың құқықтық сауатсыздығын жоятын іс-шараларды, түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыру керек.
Бұл туралы Бәйтерек ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысында сөз болды. Былтырғы жылды қорытындылау бойынша өткен жиында бірінші болып баяндама жасаған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашеваның айтуынша, былтыр бәйтеректік жастар арасында көптеген іс-шара ұйымдастырылған. Олардың арасында «Жемқорлыққа жол жоқ», «Мен әділетілікті таңдаймын» атты кездесулер бар. Ал, волонтерлар арасында «Жемқорлықпен күрес – басты мақсатымыз» атты түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Переметный ауылдық округінде тұратын жастарға арнап «Әділетті қоғам үшін», «Біздің таңдауымыз - құқықтық мемлекет», Дариян мен Құрманғазы ауылдық округтерінде «Мы против коррупции», Көшімде «Сыбайластыққа төзбеушілік тұрақтылық кепілі» акциялар жалғасын тапты. Аудан орталығындағы «Шың» жастар сазды драма театры осы тақырыпқа арналған «Қол» драмасын сахналады.
Жиында сондай-ақ аталмыш комиссияның алдыңғы отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы барысы және биылғы жұмыс жоспары жөнінде комиссия отырысының хатшысы Әйгерім Қожағалиева баяндама жасады.
Комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімі Марат Тоқжанов таза қоғамды құрудағы көпшіліктің, соның ішінде жастарының рөлі туралы айтып, адалдық, ар тазалығы, отбасы құндылықтары, еркіндік және әділдік ұстанымдарын дамытудың тиімді тетіктерін қалыптасыруға мән беру керектігін жеткізді.
Серік Маратұлы,
zhaikpress.kz