Облыс орталығында жерлесіміз, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», еңбек ардагері, мәдениет майталманы Күләш Ильясованың 75 жасқа толуына арналған «Өнегелі өмір» атты мерейтойлық шара өтті.
Аудан басшылығы да Бөкей ордасы ауданының мәдени даму жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Күләш Сабырғалиқызының еңбегін бағалап, айтулы күнді елеусіз қалдырған жоқ.
Мерейтой иесіне «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, төсбелгісі табысталды.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Данагүл Ғайнуллина аудан әкімінің алғысхатын да табыстады.
Жерлестеріміз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары А.Ғаббас, «Бөкейордалықтар» ҚБ төрағасы, жерлес Қ.Сабыров мерейтой иесін бөкейордалықтардың атынан құттықтап, құрмет көрсетті.
Күләш апамыздың құрметіне арналған кеште әсем ән де, тамаша күй де тартылды. Тағылымды кеш бөкейліктердің әнұранына айналған Хабиболла Әлесовтың «Орда туған мекенім» әнімен аяқталды.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz