16.01.2024, 17:30
Оқылды: 57

Грант алып, автосервис ашты

Қазіргі таңда не көп, автокөлік түрі көп. Бірінен бірі өтеді. Бірақ сол темір тұлпарлардың да кейде сынып, берекетіңді алатыны жасырын емес. Әрине, көлігің сынса, оны жөндейтін жер іздейсің. Аудан орталығында тұрсаң бір сәрі, кез келген уақытта барып кіргізе қоясың. Ал ауылдық жерде тұрсаң ше? Негізінен, көлік көп кезде оған техникалық қызмет көрсету – бизнестің «өлмейтін» бір түрі. Яғни сұранысқа сай бизнес түрімен айналысу – табыс көзінің тиімді жолы.

b234b952-87b4-4799-8fa9-5da51c0ec3a1

Себебі көлік саны мен оны пайдаланушылар қатары артып отырғанда көлік жөндеумен  айналысу – тұралап қалмайтын, сапалы қызмет көрсетілсе, клиент үзілмейтін кәсіп. Осыны жақсы түсінген, жастайынан техникаға, темір-терсекке жақын өскен атамекендік Тұрарбек Мағзомов былтыр өз ауылынан автосервис ашқан. Жалпы, көлік жөндеуге  қажет құрал-саймандар аз ақша тұрмайды. Ал оны сатып алу үшін қаражат қажет. Қолынан іс келетін епті азамат бүгінде мемлекет бағдарламасы аясында оқып, білім алып, 600 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Берілген қаражаттың бір тиынын да шашау шығармай, кәсібін жүргізуге арналған түрлі құрылғы, саймандарды Орал қаласындағы «Сәлем» дүкенінен сатып алған. Қажет құрал-сайман, әрине, шебердің қолына түскен соң мол табыс әкелері сөзсіз. Соның арқасында қазір шеберге тапсырыс та көбейген. Себебі ауылдық жерде көліктерге қызмет көрсететін арнайы техникалық орталықтар жоқ. Осылайша мемлекет қолдауының арқасында қолынан іс келетін кәсіпкер кәсібін өрге домалатып отыр. Бүгінгі таңда жұмысы жанданып, нәтижесін беріп отыр.

cb9285b5-50d0-4dc3-a0e7-6d8fa236f685

– Менің негізгі мамандығым – автокраншы. Бірақ ауылда ондай жұмыс жоқ. Сол себепті ауыл әкімі аппаратында жүргізуші болып қызмет атқардым. Ойлана келе, өз алдыма кәсіп ашуды жоспарладым. Қолымнан көлік жөндеу келетін болғасын гаражымды соған лайықтап, мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз грантқа қажет құрал-жабдықтарын алып, автосервис аштым. Нәтижесі жаман емес. Басында жаз мезгілі болғасын ба, тұтынушы көп келетін. Қазір салқын түскелі олардың қатары сиреді. Бірақ, шүкір, жоқтан тәуір. Болашақта мұнымен тоқтап қалмай, кәсібімді одан әрі дамытсам деймін. Себебі еңбек етемін деген адамға мемлекеттің өзі көмектесіп отыр, – дейді кейіпкеріміз.

Осыны ескерген ауыл тұрғыны техникалық орталықтағы шаруаларын бір жақты қылып алған соң мемлекеттің көмегіне тағы да жүгінуді ойлап жүр. Сөйтіп, болашақта ойында жүрген арман-мақсатын жүзеге асыруға кіріспек.

 Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале