18.01.2024, 14:30
Оқылды: 65

Басты мақсат – гендерлік теңдік

Қыз-келіншектердің көшбасшылығын дамытып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында былтыр «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жанынан әйелдер қанаты құрылған болатын. Он бағыт бойынша қызмет ететін консультативтік кеңесті құруға бірнеше өзекті тақырып арқау болған. Жуырда аталмыш ұйымның қоғамдағы орны, атқарып жатқан қызметі мен мақсат-межелерін білмек болып, өңіріміздегі партия жанынан құрылған әйелдер қанатының төрағасы Гаухар Шайхиниязовамен тілдескен едік. Оның сөзінше, қолға алынған бастама алдағы уақытта оң серпін бермек.

c6eb4c13-695d-4383-8bca-f855fd0bbcd8

— Гауһар Жәрдемқызы, ең алдымен, өзіңіз, жалпы қызметіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

— Негізгі мамандығым бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. 2009 жылы университетті аяқтаған соң қазіргі «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалындағы ұйымдастыру-бақылау бөлімінде, кейін саяси жұмыстар бөлімінде еңбек еттім. 2015 жылдан бастап қоғамдық қабылдау бөлімінде қызмет етіп келемін. Отбасым бар, екі баланың анасымын.

— «AMANAT» партиясының жанынан құрылған әйелдер қанатының қоғамдағы орны, мақсат-межелері қандай?

— Қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына енген міндеттердің бірі. Партия гендерлік теңдік қағидатын қолдай отырып, 2022 жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға бағытталған «Томирис» жобасын іске асыруда. «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанатының мақсаты – гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілету, қазақстандық әйелдерді еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени өміріне тарту, сондай-ақ олардың күш-жігері мен бастамаларын бір арнаға біріктіру.

— Әйелдер қанатының тарапынан нәзік жандарды қолдауға үлкен көңіл бөлінуде. Ұйым негізінен қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?

— Консультативтік кеңес 10 басым бағыт бойынша жұмыстанады. Атап айтқанда, әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету, қоғамның әл-ауқатын жетілдіру мақсатында психологиялық қызмет институтын дамытуға үлес қосу, еңбекті қорғау және  қызметтегі әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық  жерлерде әйел адамдардың кәсіптерін дамытуға қол ұшын созу, денсаулық пен отбасылық құндылықтарды насихаттау, заң жобаларына гендерлік сараптама ұйымдастыру, қаржылық сауаттылығын арттыру және гендерлік бюджетті қалыптастыруға жәрдемдесу, ғылыми жұмыспен шұғылданатындарды қолдау.

— Сіздің ойыңызша, бүгінде қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі қандай және қазіргі таңда оларды қандай мәселелер толғандырады?

— Қазақта «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлем тербетеді» деген тамаша сөз бар. Облыс көлемінде 692 мың халық болса, оның 51%-ын әйелдер құрайды. Сондай-ақ 12 мыңға жуық көпбалалы ана тіркелген болса, оның 6800-і — «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. Бүгінде қыз-келіншектердің түрлі салада тасы өрге домалап келеді. Әйелдер қауымы қазір барлық қызметте жемісті еңбек етіп келеді. Өңірімізде 58 474 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, оның 51%-ына нәзік жандар басшылық етеді. Яғни Батыс Қазақстан облысында әрбір екінші кәсіпкер — әйел.

Партиямыздың тұғырнамасында демографиялық өсім мен балаларға барынша жағдай жасау басты міндет ретінде көрсетілген. Күні бүгінде отбасы құндылығы, отбасындағы әке мен ананың рөлі, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлінуде. Дегенмен елде неке жиі бұзылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық ажырасудың ең басты факторы болып отыр. Дана халқымыз «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» дегендей, қыз баласын сыйлау, құрмет көрсету, оларға қамқор болу деген ұғымдар қазаққа ертеден таныс. Өкінішке орай, қазір біз бұл қасиеттерден қол үзіп бара жатқандаймыз. Заман да, адам да, құндылықтар да өзгерген уақытта біз еліктеушіліктен аулақ болып, өз дәстүрімізді, салтымызды сақтай отырып, ұлттық тәрбиені жаңғыртуымыз керек. Аналар мектебі, әжелер клубы, қыздар қоғамдастығының белсенді әрі жүйелі жұмыс істегені абзал. «AMANAT» партиясы жанындағы әйелдер қанаты осындай ізгі істерге жұмылып, қоғамның әртүрлі санатымен бірлесе қызмет етуге дайын.

— Консультативті кеңес құрылғалы бері қандай бастамалар қолға алынып, шешімін тапты? Болашақта нендей мәселелерге көңіл бөлінбек?

— 7-8 желтоқсан күндері Арқа төрінде, Бурабайда әйелдер қанатының бірінші отырысы өтті. Бұл отырыста көптеген мәселе талқыланды. Әйелдер қанатын құру және оған жүктелген міндеттерді жүзеге асыру партия қызметінің барлық деңгейінде әйелдердің тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ететін саяси күш ретінде жариялауға мүмкіндік береді. Партияның формалды құрылымдарының бір бөлігі ретінде әйелдер қанаты ресми мәртебе алады, партияның гендерлік саясатын қалыптастыруға және осы бағыттағы оң өзгерістерді бастауға септігін тигізеді. Әйелдер қанаты партияның филиалдар желісін, көптеген бастауыш партия ұйымдарының, Парламенттегі және мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың,  партияның қоғамдық қабылдаулары және партиялық жобалар түріндегі партиялық ресурстардың кең шоғырын қолдана отырып, облыс орталықтарында және жергілікті жерлерде гендерлік саясат бағытындағы қызметін тиімді жүзеге асыра алады. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы әйелдер қанаты гендерлік саясатқа кешенді атсалысу үшін азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін өздерінің қатарына қосуға, тұрақты электорат құрамына тартуға мүмкіндік береді. Партия жанындағы консультативтік кеңестің табысты жұмыс істеуі еліміздің басқа да саяси институттарына озық тәжірибесін тарата отырып, мультипликативті нәтиже береді деген ойдамыз.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале