Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев аудан кәсіпкерлері және шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында қыстақты ойдағыдай өткізу, алдағы көктемгі, жазғы маусымға дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі, аудандық мансап орталығы, ветеринария саласы және мемлекеттік кірістер бөлімі, аудандық СЭС бөлімдерінің басшылары мен мамандары салалық өзгерістер мен жаңалықтар, алдағы жылдың жоспарлы жұмыстары мен түрлі дайындықтар барысында түсіндіру – анықтамалық баяндамалар жасады.
Тарқатып айтар болсақ, кездесуде шаруа қожалықтары үшін жұмысшыларына салынатын үйдің субсидиялануы және жалпы субсидия төңірегіндегі мәселелер, жұмыспен қамту, жұмыссыздар саны және оларды жұмысқа тарту бағдарламаларының нәтижесі, шаруа қожалықтары бойынша декларация тапсыру мәселелері мен электронды аударымдар жайы, аудан көлеміндегі 2022- 2023 жылдардағы сарып (бруцеллез) ауруының салыстырмалы көрсеткіші мен мал басын және адамдарды сақтандыру талаптары мен ережелері талқыланып, шегірткеге қарсы күрес шаралары ортаға салынды.
Кәсіпкерлер өздерін мазалайтын мәселелер қатарында үй салуға, тапсырылған мал басына, техникаға берілетін субсидиялар, шабындық және жайылымдық жер, эпизоотиялық мал ауруларының алдын-алу шаралары, ауруға қарсы екпелер туралы сұрақтарын қойды.
Аудан әкімі М.Өмірәлиев кездесуді қорыта келе, шаруа қожалықтарының, кәсіп иелерінің әрбір мәселеде тиянақты, жауапкершілікті болу қажеттігін еске салып, "-мемлекет өз міндеттемелерін міндетті түрде орындап отырады, біз де өз міндеттерімізді адал орындайық",- деп түйіндеді.
Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz