Сырым ауданында шаңғы маусымы басталды. Кәсіби спортшылармен бірге мекеме қызметкерлері де қатысқан алғашқы жарыс Өлеңті өзенінің алабында өтті.
- Сырым ауданында бұқаралық спортқа барлық қолайлылық жасалуда. 2023 жылы “Өңірлерді дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында 44 млн теңгеге Өлеңті және Құспанкөл ауылдарынан спорт алаңдары салынды. Әр адам өмірінен спортқа орын табуы тиіс. Ауданда мекеме қызметкерлері арасында қысқы спорт түрлерінен біріншілік жарияланды. Бүгін – шаңғы жарысы . Алда қызу сайыстар бар. Сан саладағы әріптестерімізбен жарыс жолында жолығамыз деп сенемін, - деді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев ашылу салтанатында. Белгілі жаттықтырушы Санат Берсебаев сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өзен алабына сайыскерден бөлек, табанға тақтай байлап, қар үстімен зымырауды жаны сүйетін халық көп жиылды. Олар үшін Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы шатыр тігіп, ыстық шай мен бауырсақ ұсынды.
Жарысты “Қайсар” спорт клубы ұйымдастырды.
Шаңғышылар жекелей және командалық жарыстар өткізді. 30 жасқа дейін ер адамдар арасында жас туристер станциясынан Тілеу Мереке топ жарды. Ал, бойжеткендер арасынан жастар ресурстық орталығының маманы Айкөркем Тұрланова мәреге бірінші болып кірді.
30 бен 40 жастың аралығындағы ерлердің ішінен белгілі шаңғышы, білім бөру бөлімінің өкілі Жасқанат Есламғалиев І орын алды. Әйелдер арасында мәдениет саласының қызметкері Ләззат Бердалиева алтыннан алқа тақты. 40 жастан асқан ер адамдар арасындағы сайыс тура чемпионаттардағыдай тартысты болды. Мәреге спортшылар Аслан Ақмұханов, Руслан Чукуров және Мұрат Лұқпанов таяқтарымен қар көсеп, шаңғыларын қайшылай ызғытқан күйі бірінен кейін бірі келді. Сызықтан Аслан Ақмұхановтың шаңғысының тұмсығы бірінші кірді.
50 жастан жоғары ерлердің көшін Санат Берсебаев бастады. Әйелдер арасынан мәденит саласының өкілі Гүлсара Зинуллина келді.
Эстафеталық сында аудандық жас туристер станциясының командасы жеңімпаз атанды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz