24.01.2024, 12:00
Оқылды: 51

Жәнібек ауданы: тұрғындар ішкен суының ақшасын неге төлемейді?  

        Ауыз судың адам өмірінен алатын орны ерекше. Сусыз бір күнімізді елестетудің өзі – қиын. Ұйқымыздан оянғаннан бастап суды барлық шаруамызға пайдаланамыз.

        Әлем ғалымдары суды зерттеудің үстіне зерттей түсіп, біраз тың деректерді ұсынуда. Мысалы, «Massaget» порталы жариялаған су туралы қызықты мәліметтерінде «Бір көлік машинасын жасап шығару үшін 117 литр су шығындалады» делінген. Осыдан-ақ сусыз тіршіліктің болуы мүмкін еместігін аңғаруға болады. Ал Жәнібек ауданындағы ауыз судың ахуалы қандай? Бұл мәселенің Жәнібек ауданында өзекті жайтқа айналғаны – көзі қарақты оқырманға мәлім.

         Аудан әкімдігінің «Жолаушы» мекемесіне жол түсіп, мәселенің анық-қанығын сараптаған едік. Ауыз суға жауапты мекеме директоры Салтанат Темірғалиева тіршілік нәрінің бүгінгі жағдайын бүкпесіз баяндады. Ғимараты жұпыны, көне қабырғалары атам заманнан сыр шерткен мекеме аудан тұрғындарының ауыз суға салғырт қарайтын көзқарастарын көрсетіп тұрғандай. Мұны Салтанат Сағатқызымен пікірлесу барысында білдік. Жалпы аудан бойынша он тоғыз қызметкер жұмыс жасайды. Оның екеуі Ұзынкөл, Талов ауылдарында болса, Қамысты ауылында және Тегісшіл елді мекенінде бір қызметкерден бар. Есепші Оралға қоныс аударғанымен жұмысты қашықтықтан істеп отыр. Себебі ауданда арнайы сертификаты бар есепші маман жоқ. Ал қалғаны аудан орталығында жұмыс жасайды. Салтанат Сағатқызының айтуынша, алатын жалақылары төмен деңгейде болған соң жұмысқа көбі тұрақтамайды. Сонымен қатар ол ауыз судың ақысын төлеуден бас тартатын тұрғындарға наразылығын білдірді.

Салтанат жанибек су

         - Жәнібекте 38 көше, 2 168 үй бар. Бүгінгі таңда әр көшеде 800 мың мен 1 миллион теңге арасында өтелмеген қарыз бар. Осыған дейін берешек 5 миллион 510 мың теңге болған еді. Оның 850 мыңы төленді. Қалған қаражат та аз ақша емес. О заманда, бұ заман, ішкен суының ақысын төлеуден неге қашады екен. Онсызда су мәселесі, су тапшылығы елімізде, одан былай әлемде өршіп тұр, - деді «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Салтанат Темірғалиева.

         Көршілес Бөкей ордасы ауданынан 90 теңгеге алынған су 227 теңгеден аудан тұрғындарына сатылады. Ал алпыс бес мекемені сумен қамту үшін 878 теңгеге алынған ауыз су 870,84 теңгеге беріледі. Сонда бір текше метрден 8 теңгеге шығынға батып отыр деген сөз. Өкінішке қарай, тариф солай бекітілген. Бір кездері нанға кезекке тұрып, жаныққандай Жәнібек халқы суға да мұқтаж болған. Үйдегі құдыққа әзер деп толтырып алған суды үнемдеп, мұқият пайдаланған. Ол күндердің келмеске кеткені бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан тығырыққа тірейді. Аудан жұрты су шүмегінен сарқырап ағып жатқан соң қадірін ұмыта бастағандай көрінеді. Ауыл ақсақалы Орынғали Қаржауов та бұл мәселеге үн қосты.

- 2004 жылға дейін теміржол арқылы келетін Астраханның хлорлы ауыз суын тұтындық. Содан соң Бөкей ордасы ауданынан тікелей алатын болдық. Біз судың қасиетін санамызға тоқып өстік. Үлкендеріміз бір тамшы суды ысырап қылмауға тәрбиеледі. Соның арқасында судың ақшасын уақытында төлейміз. Балаларыма да суды үнемдеңдер деп жиі айтамын. Жалпы ауданымызда судың ақысы арзандамауы керек деп ойлаймын. Арзандаған сайын тұрғындар арасында қадірі кете бастайды, - деді Орынғали Қаржауов.

жп вода (2)

         Шамамен он бес жыл бұрын Тау ауылына су мәселесі бойынша сарапшылар келген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Таудағы ауыз су ауданды сумен қамтуға жететін еді. Дегенмен ол жұмысты соңына дейін апаруға не кедергі болғаны – әлі күнге дейін жұмбақ. Хош, енді қайта қарыз мәселесіне оралайық. Ауданда қарапайым тұрғындардан бөлек мекеме басшылары да тұтынған судың ақысын төлеуден жалтарады екен. Салтанат Сағатқызының осыншалықты алаңдауы осы мекеме басшыларына, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты.

         - Жақсы, тұрғындар суды қалайша пайдаланатынын, судың да сұрауы бар екендігін білмесін делік. Ал мемлекеттік қызметте жүріп, «дардай» мекемені басқаратын директорлардың ай сайын ішкен, жуынған суының ақшасын төлемегені жанға батады. Осыдан кейін қарапайым адамдардан нені талап етеміз? Басшылардың әрекеті осындай болған соң басқалардан не қайыр, - деп, жанайқайын жеткізді.

         Тізімге көз салсақ, екі жыл су ақысын төлемеген мекеме директоры бар екен. Бірақ «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны төлемегендерге су жібермеуге толықтай құқылы. «Екі жыл бойы неге өшіріп кетпедіңіздер?» деген сұрағымызға Салтанат Темірғалиева былайша жауап берді.

         - Біз барған кезде олар адам сияқты қараса, жақсы ғой. Есікті ішінен іліп алып, үйіне кіргізбейтіндер бар. Жақында бір мекеме директорының өзімен телефон арқылы байланысқа шықтым. Айтпағаны жоқ. Тіпті балағат сөздерімен қорқытқысы келді. Бұл жайды аудан әкімі Тимур Шиниязовқа баяндадым. Күннің ыстығына, суығына қарамастан қызметкерлерім әр үйді аралайды. Олар біреудің боқтық сөздерін, жекігендерін естуге лайық емес. Онсызда мардымсыз жалақыға отбасыларын асырап, ауыз суға қатысты тұрғындардың мәселесін шешеді. Желтоқсан айынан бері жалақыларын бере алмай отырмын. Оған аудан тұрғындарының қарыздары себеп қой. Айта берсек, ауыз су бойынша мәселе шаш-етектен. Тек жұрт бір құты судың қадірін түсініп, ақысын төлеуге бей-жай қарамаса екен.

         Басышылардың, мектеп мұғалімдерінің, мемлекеттік қызметкерлердің суға көзқарасы оң емес деуге болады. Нақтырақ айтсақ, жауапкершіліктері төмен. Бұл дабыл қағатын жайт. Егер осылай кете берсек, бір құты түгілі бір тамшы суға зәру болып қалуымыз әбден мүмкін. Ендігі кезекте жәнібектіктер ой түйіп, ауыз су қарызын төлесе ғана көңіл көншімек. Коммуналдық қызметтерді уақытында төлеу – жауапкершілік пен өзіңді сыйлаудың белгісі.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале