Қоғамдағы қалыптасқан тәртіпті өзгертетін заңды жаңалықты бірден қабылдау қашанда қиын. Сорпаны сапырған сайын оның оттегімен қанығатынын біреу білсе, енді біреу білмейтіні сияқты дүние – бұл. Сондықтан мәселенің астарына үңілер болсақ, мобильді төлемнен соншама үркетіндей дәнеңе жоқ. Жаңа жыл басталғалы бері жеке кәсіпкерлер мен такси жүргізушілері, шағын дүкен-дүңгіршектегілер мобильді аударымдардан бас тартып, қолма-қол ақша сұрай бастады. Көпшілігі алдындағы асын мемлекет тартып алатындай өкпелі. Ауылдан қыстық соғым әкеп жүрген малды жігіттер де қағаз ақша сұрап, банкоматқа жүгіртіп, әлекке түсірді.
Осының бәрі жаңалықты қабылдаудың қиындығынан, табысты декларациялау дегенді түсінбегендіктен болып отыр.
Елімізде 2015 жылдан бастап тауар сатушысы не қызмет көрсету кәсіпкерлігі қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдауға міндеттелді. Тоғыз жыл бұрын банк картасынан тиісті соманы ұстап қалатын терминалдар қолданысқа енгені мәлім. Шамамен бес жылдай бұрын оның орнын смартфондағы жаңа QR төлемі басты. Бұл екеуі де кәсіпкерге табысын жасыруға жол бермейтін. Ал смартфондағы аударымдар қызметі саудадағы есеп айырысуға емес, адамдардың жеке мақсатына ақша аударуға құрылған еді. Алайда шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторий біраз нәрсені өзгертіп жіберді. Кәсіпкерлер төлемді мобильді аударымдар арқылы қабылдап, тұтынушылар да бұған бой ұсынды. Осылайша салық төлемдері тасада қалды. Ресми статистикаға жүгінсек, Қазақстандағы көлеңкелі экономика деңгейі 18,8%-ды құрайды. Үш-төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 27% болатын. Үкімет 2025 жылдың соңына қарай көлеңкелі экономика деңгейін 14-15%-ға дейін төмендетуді мақсат тұтқан. Сондықтан «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, енді сол жаман қаржылық ғадеттен тыйылар кез келді.
«Одан да жол сапасын жақсартсын»
Көршім жаңа жылдан кейін Оралдағы «Мәскеу» базары аталатын сауда орталығына барып, өзіне ұнаған қысқы күртені қолма-қол ақшаға алғанын әңгімеледі. «Сатушы боп тұрған қожайын есеп айырасарда қолма-қол ақша әкеліңіз деп талап қойды әрі бағаны сәл-пәл түсіретінін айтты. Былайғы кезде ұялы телефонымдағы Kaspi.kz қосымшасынан сатушы телефонына аударып жіберетін едік қой. Жұрттың бәрі электронды ақшаға ауысып жатқанда, мына жағдай кері кеткендік екен», – деп ренжіген апаға мобильді төлем туралы жаңалықты айтып, сүйіншілегендей болдық.
Біздің елде салық мәдениеті қалыптаспағанын өз көзімізбен көріп жүрсек те, оған әсте мән бермейміз. Жақында таксиге мініп, осы мобильді аударым жайлы әдейі сөз қозғадық. Айына 100-ден астам аударым жасалатынын мойындаған орта жастағы таксист жігіт: «Бізге ешкім ақпарат беріп, ескерткен жоқ. Сондықтан ескертілген күннің ертеңіне барып, жеке кәсіпкерлік ашармыз. Әзірге тыныш, ешкім қуып жатқан жоқ. Мемлекет одан да жолдың сапасын жақсартсын», – деп тоқтады.
– Айына қанша табасыз?
– Шүкір ғой. Пәтерді несиеге алғанбыз, соның несиесін төлеймін. Одан басқа машинамның салығы бар, бала-шағаны асырау керек. Бір өзім жұмыс істеймін. Қазір азық-түлік, коммуналдық қызмет бағалары қымбат.
– Айына миллион таппайтын шығарсыз. Мысалға, 200 мың теңге тапсаңыз, соның 2 мың теңгесін ғана салыққа төлейсіз. Жол сапасы нашар, тауар бағасышарықтады дейсіз, егер сіз бір мың теңгеңізді салыққа қимасаңыз, жол қалай салынады, мемлекет қалай дамиды?
– Ой, қойыңызшы, мемлекет менің 1-2 мыңыма қарап отырмаған шығар. Одан да анау нән коттедждерін «времянка» етіп тіркеген байлардан алсын қомақты салықты, – деп ашулана сөйледі жүргізуші.
Салықшылар не дейді?
Заң талаптарына сәйкес такси қызметін көрсететін жүргізушілер және курьерлер, жеке тұлғалар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Олар онлайн түрде патент негізіндегі немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдаланатын арнаулы салық режімін таңдау арқылы «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алады. Бұл бағыттағы кәсіпкерлік иелерінің табысына 1% пайыз салық мөлшерлемесі қолданылады. «Е-Salyq Business» мобильді қосымшасын пайдаланатын салық режімін таңдау арқылы тіркелген жеке кәсіпкер фискалды түбіртек береді, автоматты түрде табысын қалыптастырып, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлейді. Патент негізінде арнайы салық режімін қолданатын кәсіпкерлер бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті. Жеке кәсіпкер орналасқан жері бойынша салық құрылымына патент құнының есебін электронды түрде «электрондық үкімет», «салық төлеуші» веб-порталы арқылы ұсынады. – Қазіргі кезде салық міндеттемелерін орындау жеңілдеді. Есеп беру де қиын емес. QR-кодтарды орналастыру қиындық туғызбайды, – деді БҚО бойынша кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының бас маманы Самал Аймағамбетова.
Маманның түсіндіруінше, патент негізінде арнаулы салық режімін (салық мөлшерлемесі 1%) қарамағында жалдамалы жұмысшылары жоқ, жылдық табысы 12 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер қолдана алады. Олар салық есебі құжатын тапсырмайды. Ал жылдық табысы 12 млн теңгеден асатын, бірақ 82 млн теңгеге жетпейтін, 30 адамнан аспайтын жұмысшыға жұмыс беріп отырған кәсіпкерлер оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режімі бойынша жұмыстанады. Олартапқан жылдық табысынан 3% салықты қазынаға төлейді. Салық есебін мемлекеттік кірістер құрылымдарына жарты жылда бір рет тапсырады. Мысалға, тіс емдеу емханасы бар бизнес өкілі жылына 1 миллион теңге тапса, содан 30 мың теңге төлейді.
Фискалды түбіртек бермейді
«Облыс орталығындағы «Мирлан» базарына барып, дүңгіршектерде киім-кешек сатып тұрғандарды әуелі сырттай бақыладық. Олар көбіне қолма-қол ақшаға және мобильді аударымдар арқылы есеп айырысуда. QR-кодтары салынған парақшалар ілулі тұрғандары некен-саяқ кездеседі. Бір қызығы, ешқайсысы тұтынушыға түбіртек беріп жатқан жоқ. Сауда жасаушылар да кең, түбіртек талап етпейді. Жүзі жылы, қараторы, сырт киімінің сыртынан шәлі оранған жасамыс әйелге жақындап, аман-сау сұрастық.
– Мобильді төлем туралы естіген шығарсыз?
– Естідік. Бізде бәрі заңды. Салықты уақтылы төлеп тұрамыз. Алдағы ақпанда салық құрылымына барамын салық төлеуге. Мына орынды жалға алғанмын, айына 33 мың теңге төлеймін.
– Мына кеудешені алсам, фискалды түбіртек бересіз бе? Біреу ала келші деп қосып еді, – деп қоямын.
Сатушы әйел басын шайқап, теріс айналды. Қақаған суықта аяғын аяғына соғып, тоңып тұрған әрі сөйлесуге құлықсыз жанды одан әрі мазалауға болмайтынын түсіндім.
Келесі дүңгіршектегі сатушы «Мен қожайын емеспін» деп басын ала қашты. Тағы біреуі базардың ішінде тұрғандардың бәрі салық төлейді, кәсіпкерлік ретінде тіркелген, одан да базар сыртында көше бойында тұрғандардың салық төлемейтінін айтып, солармен тілдесуге кеңес берді.
Базар сыртындағылардың базынасы
Орталық базардың сыртына шығып, көше бойында сауда қыздырғандарды жағаладық. Базарға ағылған нөпір халық. Шағын үстел қойып, оның үстіне заттарын жайып қойған шеткі сатушыға бардық.
– Бес балам бар. Екеуі – студент. Үшеуі мектепте оқиды. Студент екеуіне күніге 5 мың теңгеден беремін. Кішілеріне мектеп асханасынан тамақ алуға да ұдайы ақша беремін. Әйелім – саудадағы көмекшім. Қазір тауарды бұрынғыдай тышқаншылап тасымаймыз. Онлайн тапсырыс береміз, делдалдар әкеп береді. Оған да шүкір. Кәсіпкерлік нысаны ретінде тіркелу керек екенін білемін. Бірақ бес баламды қалай асыраймын. Соншалықты ауыз толтырып айтатын табыс жоқ. Көпшілік ғаламтор арқылы тапсырыс беріп алады керек-жарағын. Мына өзгеріс біз сияқты қарапайым адамдарға қиынға соғар ма екен деп отырмыз. Аударым деген бізге әрі сатып алушыларға да тиімді. Ай сайын аз-мұз тапқанымнан салық төлейтін болсам, бала-шағама не қалады? Үкіметке ауыз ашып бірдеңе бер деп сұрамай-ақ, өз күнімізді көрудеміз, – деді Демеу есімді жігіт ағасы. Сатып отырғаны – төсек жаймалары. Саудаласып жүрген жандар көзге түспеді.
Қақаған қыстың суығында бүрсең қағып, балық тазалап жатқан сатушы Бағила есімді келіншекпен тілдестім. Қолма-қол ақшамен де, мобильді аударыммен де есеп айырысуда.
– Мына суықта балық сату оңай емес. Алушылар аз. Түскен тиын-тебенмен үш баламды асырап, қызымды ақылы оқу орнында оқытудамын. Былайша айтқанда, өзімді-өзім қамтудамын. Көтерме саудамен балықты сатып алып, үстіне 100 теңге қосамын. Одан қандай пайда болсын? Қыста балық та көп өтпейді.
Әйтеуір, өлмешінің күні де. Әзір кәсіпкер болып тіркеле қоймадым, бірақ мына орынға тұрғаным үшін төлемді төлеп тұрамын, – деді ол ағынан жарылып.
Сөйлескен жандардың көпшілігі өзін-өзі қамтушылармыз деп санайды. Олар ешкімге қарыз емеспіз, мемлекеттен көмек-қолдау көріп отырған жоқпыз деген пікірлерін жасырмайды. Олардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу қажеттігі сезіледі. Мұндай ұсақ (микро) кәсіпкерліктегілерді көлеңкеден жарыққа шығару қиындау екені даусыз. Олардың қатарында түрлі косметикалық қызмет көрсететін бет әрлеушілер (визажист), тырнақ бояушылар, шаштараздың ішіндегі орындарды жалға алушылар және өзгелері бар. Әрине, олардың барлығы бірдей қомақты табысқа
белшесінен батып жатыр деуге келмейді. Солай болғанмен де, бюджетке төленген салықтың зейнетақыға, шәкіртақыға, әлеуметтік төлемдерге, жол, мектеп құрылыстарына, тегін білім алуға, білім гранттарына, субсидияға жұмсалатын қаржының негізін құрайтынын ескере бермейтініміз өкінішті.
Салық тексерісінің негізгі нысанасы – үш ай қатарынан және ай сайын 100, одан да көп түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алғандарға ғана. Осының өзі кәсіпкерлік белсенділік белгілерін анықтау талабына жатады. Мемлекеттің көздегені – бұқараның қаржысын жөнсіз тексеріп, жаппай жазалау емес, кәсіпкерлікпен жасырын айналысып, қомақты табыс табатын азаматтарды «ұйқысынан» ояту, елді дамытуға жұмсалатын заңды салықты төлеуге бағыттау.
Самал Аймағамбетова, БҚО бойынша кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының бас маманы:
– Мобильді төлемдер және мобильді аударымдар деген екі бөлек нәрсе. Мобильді төлем – бұл жеке тұлғаның шотынан жеке кәсіпкерге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін ашылған шотқа транзакция. Оған QR-код, қашықтан төлемдер, төлем картасы бойынша төлемдер жасалады. Бұл бағытта кассалық аппараттар қолданылып, тиісінше фискалды түбіртек беріледі. Ал мобильді аударым – бұл бір жеке тұлғаның шотынан екінші жеке тұлғаның шотына қолма-қолсыз ақша аудару. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – мобильді аударымдарды тексеру, заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару. Жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай алады немесе қабылдай алады. Оған байланысты ешқандай шектеу жоқ.
Эльмира Өтешева, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– Кәсіпкерлікпен айналысуды тыйып тастағаннан гөрі, ашық жұмыс істеген пайдалы. Биылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталды. Енді бизнес өкілдерінің, олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті. Қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпкерлерге де тапсыруы тиіс. Негізі, қаржы кәсіпкердің банктік шотына түсуі керек. Осы жағдайда салық құрылымдары кәсіпкерлердің барлық табысын көріп отырады. Сонда бизнес субъектісінің қаржы айналымы ашық болады. Кәсіпкерлер палатасы азаматтардың жеке шоттарын кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбауға кеңес береді.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»