Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала ауылы бойынша №9 сайлау округінен былтыр наурызда сайланған мәслихат депутаты Бегайым Төлеуғалиқызы атқарылған жұмысына есеп беру үшін ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Халық қалаулыларының бірі - Бегайым Есенғалиева сайлауалды бағдарламасы бойынша жұмыс атқарылғандығын және ауыл азаматтарын жеке қабылдап, ауыл-аймақ, елді мекендерді аралап, жай-күйімен танысқанын, көбіне білім саласына қатысы бар мәселелерді көтеріп жүргенін баяндап берді.
Атап өтер болсақ, ауылдық әкімдік жоспарына сай «Жайлы мектеп» салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Сонымен қатар жылма-жыл ауданда өтетін «Мектепке жол» акциясы және басқа да қайырымдылық, мәдени, спорттық шаралардың өту барысына қолдау көрсету жұмысы атқарылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының басты мәселелерінің бірі - ауылішілік жол. Биыл жоспары бойынша Астана, Жантөрин, Хиуаз Доспанова, 40 үй көшелеріне жол салынып, аталмыш аймақтарға балалар ойын алаңдарының құрылысын бастау күн тәртібінде тұр.
Жиынға ардагерлер кеңесінің мүшелері Қайырғали Жаимов, Тыныштық Өтешқалиев, Ермек Меңдіхан ауқымды мәселелердің басын ашып, мектеп түлектерінің қолдауымен жұмыс атқаруға мүмкіндік барын сөзге тиек етті.
Жиылған жұрт арасынан риясыз ризашылық та, наразылық та табылды. Есеп беруге жиналған ауыл тұрғындары өз ойларын ашық жеткізіп, ортаға салып, талқылап, жеке мәселелері бойынша аталмыш депутаттың қабылдауына қатысты.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz