Бүгін Жәнібек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың құрылғанына он жыл және аудандағы жастардың қоғамдағы орнын қалыптастыруға жауапты «Ақбастау» қоғамдық бірлестігіне жиырма жыл толуына орай М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде «Қазақша Quiz» зияткерлік сайысы өтті.
Білім мен шапшаңдық ұштасқан сайысқа психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінен «Жалын» командасы, аудандық аурухана жастарынан құралған «Авицинна» командасы, «Ветеринария» командасы, А. Оразбаева атындағы мектептен «Болашақ», Т. Жароков атындағы мектептен «Globol teacher» командалары, аудандық демалыс орталығының жастары мен №1 мектеп-лицейінің жас мұғалімдері қатысты.
Ойын бес кезеңнен тұрды. Нақтырақ айтсақ, «Біз білетін сұрақтар», «Ортақ бір сөз», «Оскар алған үздік фильмдер», «Әуенді тап», «Бәс» кезеңдері бойынша сынға түсті. Уақытты тиімді пайдалануды талап ететін сайыста қатысушы жастар арадағы байланысты нығайтып, жақын араласып кетті. Ойында достық жеңді деп ауыз толтырып айтуға болады.
Сайып келгенде зияткерлік ойынның жүлделі ІІІ орыны аудандық демалыс орталығының жастарына бұйырса, ІІ орынды А. Оразбаева атындағы мектептің мұғалімдері еншіледі. Т. Жароков мектебінің «Globol teacher» командасы сайыстың жеңімпазы атанды.
Қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Мөлдір Әбдірешева белсенді жастарға ризашылығын білдірді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz