30.01.2024, 21:00
Оқылды: 84

«Қаладан ауылға»: Ауылға қоныстануға ниеттілер қатары өсуде

Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы серпін алғаны белгілі. Бұл бағдарлама ауылдағы ағайынның тұрмысын көтеріп, ата жұртқа жастарды тартып, шекаралық аймаққа қоныстанушылар санын өсіруге бағытталған. Ауылға көшемін деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да зор.

IMG-20240130-WA0050

«Біз ауылға барам деген тұрғындардың алдына мал салуды ойластырып жатырмыз. Құс, қой т.б. үй жануарын беріп, демеу көрсетеміз. Әрі қарай өзі талпыну керек», деген еді былтыр облыс әкімі Нариман Төреғалиев. Жобаның бүгінгі жемісі – Бәйтерек ауданы, Чиров ауылына қазіргі таңда көп балалы үш отбасы қоныс аударып, оларға баспана кілті табысталған. Ал Чиров жалпы білім беретін орта мектебінде үшінші тоқсаннан бастап қазақ сыныптары ашылуда.

IMG-20240130-WA0053

- Бұл білім ұясы 1969 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. Көріп отырғандарыңыздай, мектеп ғимараты ескі. Күрделі жөндеуден өтпеген. Қазіргі таңда оқушылар саны небары 20 бала. «Қаладан ауылға» жобасы аясында көп балалы отбасылар көшіп келуде. Соған орай бастауышта (3-4-сыныптар) және орта сыныпта (5,6,7-сыныптар) сынып жиынтығы ашылды. Ауылымызға депуттар келіп, тұрғындардың тыныс-тіршілігмен танысқанда да осы мектептің жөнделуіне қатысты біраз мәселені көтердік. Олар өз тарапынан ықпалдасатынын жеткізді. Ал қазақ сыныптарындағы балаларды оқытуда ешқандай мәселе жоқ. Кадр жетіспеушілігі де біртіндеп шешілуде. Қазіргі таңда бізге жақын Рубежин ауылындағы мектеп мұғалімдері келіп, сабақ өткізеді. Сондай-ақ Орал қаласынан тағы бір маман келмек. Ал бастауыш сыныптарды облыс орталығында тәжірибе жинақтаған ұстаз алды. Ол пәтер жалдап, күні бүгін осы Чиров ауылында тұрып жатыр. Көп балалы отбасыларға баспана салынса, мамандар да қызметтік үймен қамтылып, білім ұясының күрделі жөнделуінің де күрмеуі шешіледі деген үміттеміз. Қазір штатта 8 педагог бар. Қосымша 6 маман тартылуда,- дейді Чиров орта мектебі директорының міндетін атқарушы Лунара Өтегенова.

«Қаладан ауылға» бағдарламасының шекаралық аймақтар үшін маңызы зор. Өйткені, шекара – ел шебі. Ондағы халық санының азаймауы, жердің бос қалмауы -саяси географиялық тұрғыдан да өзекті мәселе. Аудан басшылығы аталған бағдарламаның Бәйтеректе кеңінен насихатталып, сол арқылы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, демографиялық ахуалдың жақсаруына екпін қойып отыр. Осы орайда ауылға көпбалалы отбасылар тартылып, олардың тұрғын үйі мәселесі оңтайлы шешілуде. Бұл игі бастамаға жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Бекболат Шканов та қолдау білдіріп, өз қаражаты есебінен көшіп келуге ниетті бір отбасына баспана сыйға тартты.

«Қаладан ауылға» жобасымен чировтық атанғандардың бірі – Әліповтер жанұясы. Ерлі-зайыптылар 2012 жылы отау көтерген. Отағасы Талғат Әліпов -Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылының тумасы. Көп балалы жас отбасы иелері ауылға қоныс аудармас бұрын тоғыз жылға жуық қалада пәтер жалдап тұрып келген. Енді олар мал алып, 20 сотық жерге бау-бақша ісін дамытуға ынталы. Еңбекқор жанұяның тұңғышы Аружан 5-сыныта, Аяжан 3-сыныпта оқиды. Біртіндеп балалар ауылға да, мектепке де үйреніп келеді. Келер жылы Інжу даярлық сыныбына, ұлдары Асқар бірінші сыныпқа қадам басқалы отыр.

IMG-20240130-WA0055

- Қыстан шығып бау-бақшаны қолға аламыз деген жоспар бар. Алла қаласа, шаңырағымыз алдағы күндері тағы бір бөбекпен толыққалы отыр. Осылай күтпеген жерден үйлі-күйлі болып, қуанышқа бөленуіміз де балдырғандарымыздың несібесі деп ойлаймыз. Сәбиіміз дүниеге келгеннен кейін қайта кәсібіме кірісемін. Мамандығым – кондитер. Соған байланысты «Бастау Бизнес» курсын оқып, ісімді бастаған едім. Зайыбым дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Мал өсіріп, бақша егіп, табиғи өнімді өзімізде өндіргенге ештеңе жетпейді. Оның үстіне балаларға да өте пайдалы. Мемлекет басшылығы, өңірдегі билік тарапынан осының бәріне жіті көңіл бөлініп, бағдарламаның игілігін көрудеміз. Еңбектенген адамға ауылда да шалтты тұрмыс кешуге бар жағдай қарастырылған,- дейді отанасы Альбина Алдоңғарова.

Олар «Қаладан ауылға» бағдарламасын әлеуметтік желі арқылы білген. Бір апта ішінде Чиров ауылдық округінің әкімі Николай Штыкке хабарласып, үйді ұнатып, қаңтарда жаңа қонысқа енген. Балалықтың бал дәуреніне бөленген риясыз бүлдіршіндердің күлкісі алты бөлмелі, көгілдір отынға қосылған, мұнтаздай таза баспананың берекесін кіргізіп тұрғандай. Ал ата-ана үшін қуаныш ауылда қазақ сыныбының ашылғаны.

- «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сай баспананы табыстаудың реттелген нормалары бар. Соған сай үй жалға беріледі. Нысан 7,5 млн теңгеге бағалануына байланысты, құнының 10 пайыздық жарнасын ай сайын аударып отырады. Заңға сай үй қайтарымсыз негізде берілмейді. Иелігінде жылжымайтын мүлкі жоқ тұрғындар үй кезегіне тұруы шарт. Оның да ішінде түрлі санаттарға бөлінеді. Сондықтанда заң аясында көп балалы отбасыларға тұрғын үй қазіргі таңда едәуір жеңілдікпен ұсынылуда. Ал алдағы уақытта өтелген құнына қарай жекешелендіру мәселесі қарастырылады, - дейді округ әкімі Николай Штык.

Төрт бала тәрбиелеп отырған Еркінғали Сақыпқалидың да отбасы пилоттық жобаның пайдасын көрді.

-Біздер Орал қаласынан көшіп келдік. Қалада пәтер жалдап тұрып жатқанымызғы он жылдай уақыт болды. Осындай жаңа бағдарлама басталғанын есітіп, «ауылға көп балалы отбасылар керек» деген хабарландыру біздерге аса тиімді болды. Сол үшін осы ауылға өтініш беріп, қоныстанып отырған жәйіміз бар. Мемлекеттің қолдауы арқылы ірі қара алып, мал басын өсіргіміз келеді. Ауылдың табиғаты керемет. Еңбектен қашпайтын жанға жұмыс та табылады. Көп балалы отбасыларға қамқорлық танытып отырған баршаңызға рахмет айтамын,-дейді ерлі зайыптылар.

Ал қазақ сыныбының ашылғаны, оқушылар қатары көбейгені ата-аналармен бірге ұстаздар үшін де қуанышты жаңалық.

- Жиырма бес жылға жуық еңбек өтілім бар. Хабарландыруды көріп, қазақ сыныбының ашылуда екенін және «Қаладан ауылға» бағдарламасы туралы білдім. Мындағы ұжым, маған берілетін сағат, сәйкесінше төленетін жалақы көңіліме қонды. Ұстаз үшін маңыздысы – оқушылардың үлгерімі, ыждағаты. Мақсат – қазақ сыныптарының ашылуы, қазақ тілін насихаттау. Балалардың оқу үлгерімі төмен емес. Олардың бір жыл бойы орыс тілінде білім беретін сыныпта оқығанын ескерсек, бейімделу үдерісі кезең-кезеңімен жүруде. Мәселен, қалада жиырма балаға бірдей түсіндіресің. Қабілетіне қарай қағілездері тез қағып алады да, баяу шәкірттер қосымша жұмыстануды қажет етеді. Ал мында қазір оқушы санының аздығы балаларға жеке жұмыстанумен тең нәтиже береді. Біріктірілген сыныптар болғандықтан, 3-сыныпта жаңа тақырып өткенде, 4-сыныпқа назар салам. Өйткені, қайталаудың пайдасы мол. Зейінді жаттықтырып, білімді бекітеді,- дейді бастауыш сынып мұғалімі Ақмарал Айшуақова.

Бүгінде Чиров ауылдық округінің халық саны 500 адамды құрайды. Ауыл әкімі Николай Штык жаңа үйлер бой көтерсе, көшіп келуге даяр тұрғындар қатары артуда екенін айтады. Олардың ішінде көп балалы шаруаға қыры бар, кәсіпкер азаматтар да бар.

IMG-20240130-WA0054

Иә, ауыл көркейіп, тұрғындардың тұмыс сапасы жақсарып, инфроқұрылым дамыса, ауылға қоныс аударуға ынталылар жетерлік. Айту керек, Чировқа алып келетін жолдың 12,3 шақырым өткен күзде аяқталса, қыста су құбыры іске қосылды. Ауыл дамыса, қала өркендейді, ел гүлденеді. Сондықтан бағдарлама аясында іс қарқынды, жоспар ауқымды...

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале