31.01.2024, 16:45
Оқылды: 74

Көшім аумағында 27 бейнекамера іске қосылған

    Өткен жыл көшімдіктер үшін бірқатар ізгі істің жүзеге асуымен есте қалды. Мәселен, КПО б.в. компаниясының қаржыландыруымен Өркен ауылында 60 орындық жаңа мектеп бой көтерді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 адам 106 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, ата кәсіпті өрістетуге ден қойды.

IMG-20240131-WA0013

               Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың қатысуымен Үлкен Шаған ауылында өткен есептік кездесуде былтырғы жетістіктермен қатар, биыл атқарыларын істер де баяндалды.

               Өткен жылы Өркен ауылына баратын күре жолдың да құрылысы аяқталып, ел игілігіне табысталғаны белгілі. Ауыл тұрғындарының ауызбірлігі нәтижесінде қаражат жинап, Өркен ауылының бес көшесіне ескі асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ осы ауылға 14,3 шақырым ауыз су тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Әрбір баспанаға мөлдіреп келіп тұрған тіршілік нәрінің рахатын сезінетін күн де алыс емес.

IMG-20240131-WA0012

               Округ елді мекендері толық электр қуатымен 100 пайыз қамтылған. Көшім, Үлкен Шаған ауылдарының кіреберіс көшелеріне жарық шамдар қойылып, қосымша жаңа тіректер орнатылған. Ұзындығы – 2 шақырым. Жоба құны – 3 миллион 380 мың теңге.

               Білім беру саласында да оң көрсеткіш байқалады. Округ бойынша үш білім беру нысаны (Үлкен Шаған, Көшім, Өркен мектебі) орналасқан. 2022-2023 оқу жылында мектеп бітірушілер саны – 35 түлек болса, оның 26-сы білім грантының иегері атанған. Округ аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 27 бейнекамера іске қосылған.

IMG-20240131-WA0022

               Ауылдық округ әкімі Ауған Алмурзин Көшім ауылынды ауылдық клуб құрылысын бастау, Ақсу ауылына балалар спорт алаңын салу және Көшім ауылына мал қорымының құрылысын жүргізу биылдың еншісінде екенін жеткізді.

               Қазіргі таңда тұрғындарды толғандыратын түйткілдер қатарында Үлкен Шағанға ауылішілік қатқыл табанды жол төсеу, қолжетімді бағада Орал қаласына қатынайтын қоғамдық көлік ұйымдастыру, интернет сапасын жақсарту, апатты жағдайда тұрған мектептегі шәкірттердің білім алуына барынша жағдай жағдайдың жасау және иесіз мал мен бұралқы ит мәселелері бар.

IMG-20240131-WA0020

               Жиын соңында аудандық «Ауыл тынысы» газетінің жауапты хатшысы Гүлжаз Баделова Көшім ауылдық оругінің әкімі Ауған Алмурзинге 25 мың теңгенің сертификатын табыстады. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының қолы қойылған бұл сертификат жылдың соңына дейін аудандық газетке құттықтау, көңіл айту, еске алу секілді ақылы материалдарды тегін жариялауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, көшімдіктер газетке жазылу науқанын жыл сайын қамшы салдырмастан жоғары деңгейде өткізіп, «Ауыл тынысы» газеті редакциясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Былтыр әкімдіктер арасында осындай мүмкіндікке Құрманғазы мен Белес ауылдық округтері ие болған еді.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале