Жаңақала аудан әкімдігінде «Оtbasy bank» БҚО филиалы бизнес дамыту бөлімінің І санатты мамандары баспаналы болудың тиімді жолдары туралы түсіндірді.
Жиналысқа бөлім басшылары және мекеме қызметкерлері қатысты. Аталмыш банк қызметкерлері Жоламан Қадыржанұлы мен Дамир Серікұлы қатысушылар тарапынан болған сауалдарға жауап беріп, үйлі болу мен несиенің ұтымды тұстарына тоқталды.
- Өздеріңіз білетіндей, «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» атты мемлекеттік бағдарламалар бар. «Бақытты отбасы» - тиімді жобасы арқылы үй алу үшін арнайы кезекке тұрғызылады. Ол санатқа көпбалалы отбасы, I және II санаттағы мүгедектер, асыраушысынан айырылған балалар және ерекше бала тәрбилеп отырған отбасы жатады. Алып жатқан үйіңіздің 10 пайыз бастапқы жарнасын құясыз. Сол сияқты, атап өткен «Шаңырақ» бағдарламасына да 10 пайыздық жарна қажет болады. Бұл жоба арқылы мемлекеттік қызметкерлер де өз кезегімен үйлі бола алады. Әрине, ол үшін жеке басыңызда үй болмауы қажет. Отбасы банк қазіргі таңда осы аталған екі бағдарламаға өтініш
тастаушылармен тығыз байланысты ұстап отыр, - дейді аталмыш банктің маманы Жоламан Жұбандықов.
Әрі қарай, жиынға жиналғандардың арасынан аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Сүлейменұлы:
- Басқа банктер тарапынан берешектер көбейіп, бұғаттау болған
жағдайда, неге депозит жинақ қорындағы қаржыны алады? Заңмен қорғалған ба? - деген түйткілді сауалын қойды.
Оған банк қызметкері:
- Бұл заңдылық, себебі төлем уақытынан кешіккен жағдайда, заң бойынша өзге банктерге де бұғат қойып, төлемді алуға толық құқылы , - деп жауап берді.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ақылбек Семенов аудан тұрғындары аталмыш банк көмегімен ауылдық жерлерден баспаналы болу мүмкіндігі қарастырылса деген сауалын қойып, алдағы уақытта осы ұсыныс бойынша жұмыстануларын өтінді.
Банк қызметкерлерінің айтуынша, аудандармен жұмыс атқару үшін бірінші кезекте бағалау көрсеткіші, одан кейін несиелеу
аймағы мен арақашықтық ескерілетінін айтты.
Сөз соңында Жоламан Қадыржанұлы алдағы уақытта қандай да бір бағдарлама арқылы жоспар құрылған жағдайда «Отбасы банк» көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz