Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов және Сырым ауданына көшпелі отырысқа келген әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері Жымпитыда жаңадан салынған күрес орталығының ғимаратымен танысты.
Сырым аудандық А. Шайхиев атындағы балалар мен жөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсановтың берген мәліметіне сүйенсек, спорт мектебінің үйірмелерінде 546 спорттың әр түріне жаттығады.
Сонын ішінде 344 бала қазақ күресі, дзюдо, самбо, еркін күрес сияқты үйірмелерге барады. Ауданның басында 118 балғын балуан бозкілемге аунап жүр. Жымпитыға дербес күрес залын салу - қажеттілік.
Жаңа нысанның жалпы көлемі - 503 шаршы метр. Орталықта киім ауыстыру, жуыну бөлмелері мен кең зал бар. Ғимарат «Қайсар» спорт клубының теңгеріміне кіреді. Жоба құны - 110 миллион теңге. Мердігер – «KazDamuConstruction» ЖШС.
Ғимаратты аралап көрген Бақытжан Нарымбетов:
- Жаңа күрес орталығы болашақ әлем чемпиондарының ұясына айналады, - деп сенім білдірді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Фотоға түсірген: Айжан Амангелдина
Сырым ауданы
zhaikpress.kz