Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылында құрылыс қарқынды жүруде. Былтыр тұрғындар қаражаты есебiнен 480 шаршы метр тұрғын үй салынған. Құрылысы басталмаған елу жеті м2-дің іргетасы құюлы тұр. Бұл биыл баспана құрылысының артатынын білдіреді.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын салу және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жалдау шартымен беріліп, күні бүгінге игерілмеген, яғни тұрғын үй құрылысы басталмаған жер телімдерін қайтару, кезекте тұрған азаматтарға беру ісі қарқынды.
Мұның бәрі Щапов ауылында өткен есептік кездесу кезінде айтылды. Округ әкімі Біржан Нұрбайыровтың былтыр атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамасынан соң тұрғындар жол, интернет жақсарғанын айтып, жергілікті атқарушы билікке ризашылықтарын білдірді.
Ауыл тұрғыны Ақболат Аубекеров көктемгі су тасқыны кезінде тұрба салып, суды ауыл ішіне кіргізбей, қажетті арнаға бұрсақ деген өтінішін айтып, екінші мәселе осы уақытта қаптпайтын бытықананы улауын сұрады.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов бірінші сауалға төңірегінде биылғы қардың түсуіне қарай көктемгі су тасқынына бүгіннен бастап дайындық жұмыстары қолға алынуда екенін, әрі оған халық болып атсалысу керектігін баса айтса, бір күн өмір сүретін бытықананы улай мүмкін емес деді.
Айту керек, биыл Щапов ауылыда салынып жатқан клуб құрылысын аяқтау, кіреберіс жол бойына, жаңа құрылыс аумақтарға тротуар төсеу және жарықтандыру, ауылішілік жолдарға жылдамдықты азайтатын жасанды кедергілер орнату және Қазақтың батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының мүсінін орнату жұмыстары жүргізіледі.
Елмен есептік кездесу соңында аудандық «Ауыл тынысы» газетінің жауапты хатшысы Гүлжаз Баделова басылымдарға жазылуда белсенділік танытып, редакциямен жақсы қарым-қатынас орнатқан Щапов ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп ұжымына 25 мың теңгелік сертификат табыстады.
Бұл мектеп ұжымына биылғы жыл соңына дейін «Ауыл тынысына» ақылы материалдарды 25 мың теңгеге дейін тегін жариялауға мүмкіндік береді.
Гүлжаз Қалесқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz