Бөкей Ордасы ауданының Сайхын ауылында қол күресінен 2009-2011, 2012-2014 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар һәм 40 жастан жоғары ардагерлер арасында Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті.
Аты алысқа жеткен чемпионатқа облысымыздан бақандай он команда қатысқан еді. Атап айтқанда, Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары мен Орал қаласының «сен тұр, мен атайындары» бақтарын сынады. Он топтан екі жүзге жуық спортшылар күш сынасқан додада жәнібектіктер ешкімге оңай шағылмады.
Нәтижесінде 2012-2014 жылы дүние есігін ашқан қыздар арасында 45 келіде Ақерке Кенжеғали алтын жүлдемен қуантты. Ұлдар арасында +45 келі салмақта Санжар Мақсот күміс жүлдемен сүйіншіледі. 2009-2011 жылдары туған қыздардан 40 келі салмақта Алтынай Ермек, 55 келіде Альбина Әубекер ІІ орынға жайғасса, 60 келі салмақ дәрежесінде Альбина Бақтығалиева қола жүлдені місе тұтып, 70 келіде Медина Әжиева І орынды қанжығасына байлады. +70 келі салмақта Лейла Жаппасбаева ІІІ орынды, ұлдар арасында 45 келіде Бейбарыс Серікұлы І орынды, 70 келіде Бейбарыс Нұралиев І орынды иеленді. Жарыста озық шыққан спортшылар «Спорт шеберлігіне үміткер» деңгейін орындап, Тараз да өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.
Үздіктерді дайындаған қол күресінен аға жаттықтырушы Марал Төлешевке Бөкей ордасы ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры А. Мендешев риза болып, алғысхат табыстады. Дүркіреген спортшылардың жаттықтырушылары Қанат Оспановқа, Әділет Ысқақов пен Марал Төлешевке алғыстың неше түрін айтсақ та, әбден лайық!
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz