Биыл қаңтардың 1-і күні «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Енді еліміздің кәмелетке толмаған тұрғындары ұлттық қордан өз үлесін алады. Бұл жобаны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұсынған-ды. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», – деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық қор халық мүддесіне қызмет ету керектігін де ерекше атап көрсетті.
Күні кеше аталған жоба қатысушыларына тиесілі қаражат түсе бастады. Осы ретте БЖЗҚ облыстық филиалына бас сұғып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы төңірегінде көпті алаңдатқан сұрақтарымызды қойдық. Сауалдарымызға филиал директорының орынбасары Гүлмира Рашева (суретте) жауап қатты.
Оның айтуынша, биыл облыста ұлттық қордан берілетін қаражат 220 355 балаға беріледі. Оларға қордан 22 150 084,6 доллар аударылған. Ал биыл жасы 18-ге толатын 9406 бала 945 491,12 долларды бөліп алады. Бұл – 2024 жылы кәмелет жасқа келетіндер 100,52 доллар шамасында қаражатқа ие болады деген сөз.
Жалпы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 18 жасқа толмаған, яғни 2006 жылдан бері қарай туған барлық бала қатысады. Кәмелетке толмаған бала міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы керек. Ал ақшаны 18 жасқа толған соң ғана алуға рұқсат етіледі. Егер бала 2024 жылы қаңтарда 18 жасқа толса, оған Ұлттық қордан ақша аударылды. 2024 жылдың қаңтар айында кәмелет жасына толған балаға 2023 жыл үшін төлем жасалады. Егер бала 2023 жылы 18 жасқа толып кеткен болса, «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатыса алмайды. Өйткені бағдарлама 2024 жылы 1 қаңтарда іске қосылды.
– Ұлттық қордан төлем алу үшін банкке арнайы барып, балаға шот ашудың қажеті жоқ. Отбасындағы әр балаға арнайы жинақтаушы шот аутоматты түрде ашылады. Әйтсе де, ата-ана баласының деректерін күні бұрын тексеріп алғаны жөн. Ең алдымен баланың жеке басын куәландыратын құжаттың (соның ішінде ЖСН) алу керек. Деректердің бар-жоғын және дұрыстығын тексеріп, кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығын реттеп алған жөн. eGgov-тағы жеке кабинетке кіріп, «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінде балалар туралы мәліметтердің бар-жоғын қарап алсаңыз да артық болмайды. Егер eGgov-та «Сіздің балаңыз туралы деректер жоқ» деген хабарлама шықса, «Қосу» түймесін басып, әр баланың ЖСН-ын енгізіңіз. Бұл деректер ата-ананың жеке кабинетінде сақталады. Осыдан кейін оны қайта тексеру керек, – дейді Гүлмира Рашева.
Балалар туралы мәліметті eGov Mobile қосымшасы арқылы да тексеруге болады. Ата-аналар баласы «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қосылғанын БЖЗҚ ресми сайтынан және egov.kz порталындағы жеке кабинеттен біле алады.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа толмаған барлық балаға теңдей бөлінетінін білеміз. Қазір елімізде шамамен 7 млн бала бар. Әр жылдың басында шотқа түсетін сома елдегі бала санына және Ұлттық қордың инвестициялық табысына қарай өзгеруі мүмкін. Алдын ала есептеулер бойынша 18 жыл ішінде баланың арнайы шотында 3,5-4 мың доллар жиналады. Ал биыл 18 жасқа толған азаматтардың шотына небәрі 160-170 доллар аударылады деген болжам бар. Осы күні ол қаражат жоспардағыдан кем болатыны анықталды.
Балалардың шотындағы ақша доллармен жиналады және 18 жасқа толған соң доллармен беріледі. Бала арнайы шоттағы қаражатты кәмелет жасына толған соң ғана ала алады. Қор қаржысына ие болған еліміздің әр азаматы 18 жасқа толған соң, Ұлттық қордан түсіп тұрған қаржыны екі мақсатқа ғана жұмсай алады. Оның біріншісі, баспана алу болса, екіншісі, білім алу. Дәлірек айтар болсақ, тұрғын үй сатып алу. Бала баспанасын тек Қазақстан аумағында ғана сатып алады. Сондай-ақ ипотеканы толығымен немесе жартылай мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі де бар. Одан бөлек жиналған сомаға ипотекалық қарыз алып, жөндеу жұмыстарына да жұмсаса болады және «Отбасы банктегі» депозитті толықтырса да заңсыз болып есептелмейді. Шоттағы ақшамен оқу ақысын төлеуге де рұқсат бар. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттердегі оқуын төлесе де қарсылық жоқ. Ең бастысы, жиналған қаражатты Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне де аударуға болады.
Соңғы уақытта көп талқыланып жатқан «Ұлттық қордың қаражаты қанша уақыт сақталады?» деген сұрақ та көпті мазалауда. Түсіп тұрған ақшаны пайдаланғысы келген азамат өтінімін 18 жасқа толған соң ғана бере алады. Ол ақша 10 жыл сақталады. Яғни ақшаға ие болған әр азамат 28 жасына дейін өтінім бере алады. Ал қаражат алушы 28 жасқа келгенше жиналған ақшасын алмаса, сома әлгі азаматтың ерікті зейнетақы шотына аударылады. Бағдарламаның тағы бір жақсы тұсы – Ұлттық қордан берілген жинаққа салық салынбайды.
Ұлттық қордан түсетін ақшам бар деп шетел асып, азаматтығын ауыстыра салуға жол берілмейді. Егер 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан бас тартса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып, кейін елге оралып, ҚР азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
Бағдарлама барлық жағдайды ескергенге ұқсайды. Егер жоба қатысушысы 18 жасқа жетпей қайтыс болса, жиналған ақша оның мұрагеріне беріледі. Жинақ төлемін алғысы келген жоба қатысушысының туыстары мен заңды өкілдері БЖЗҚ-ға жүгіне алады. Ал жиналған қаржыны алуға қажетті құжаттар тізбесі қор сайтында жарияланған.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»