6.02.2024, 11:30
Оқылды: 50

Батысқазақстандық спортшылар екі алтын, бір қолаға ие болды

Астанада күрес түрлерінен ел шемпионаты өтіп жатыр. Қазақ елінің жауырыны жер иіскемеген палуандарының басын қосқан бозкілемдегі белдесуден өңір спортшылары құр қол қайтпады.

37d5f7d5-acd6-4ae7-8bf7-ca3026ee86aa

Жарыстың үшінші күні бұрымды палуандар ел шемпионы атағын сарапқа салды. Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайын дүбірге бөлеген жарыс қорытындысында Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған екі қыз жеңіс тұғырынан көрінді.

72 келі салмақ дәрежесінде белдескен Мейрамгүл Мақсот қола жүлдеге ие болса, осы салмақ лидерлерінің бірі саналған Анастасия Панасович алматылық Мерует Иманбаеваны жеңіп, Қазақстан Республикасының шемпионы атанды.

Палуан қыздардың жеңісті жолын шемпионаттың төртінші күні Нұржан Исағалиев жалғастырды. 86 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұржан палуан финалдық белдесуде жамбылдық қарсыласы Нұрдәулет Қуанышбайды тізе бүктіріп, ел шемпионатының жеңімпазы атанды.

Жергілікті еркін күрес шеберлері ел шемпионатында жүлде ала бермейді. Бұған дейін елішілік жарыста бұлдыртылық Нұрлан Бекжанов топ жарған еді. Енді оның жеңісін Бұлдырты еркін күрес мектебінің тағы бір өкілі Нұржан Исағалиев жалғады.

Арал Болпышұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале