9.02.2024, 9:15
Оқылды: 107

17 адам қар құрсауынан құтқарылды

6 ақпан күні түс ауа басталған қар толассыз төпеп, соңы үскірік боранға айналды. 17:00 шамасында Сырым ауданының орталығы Жымпитының бірқатар көшесінде жарық сөнді.​

InShot_20240209_082223039

Қас қарая Сырым ауданының барлық ауылдық округі қараңғылық құшағында қалды. Тіпті, аудандық электр торабына “бағынбайтын” Алғабас пен Тоғанас ауылдық округтерінде де электр беру үзілді. 17 283 адам жарықсыз қалды деген осы.

Электр қуаты жоғалғасын ұялы байланыс та жұмысын тоқтатты. Барлық бағыттағы жол жабылды. Бірақ ақпанның ақырған боранында жолда, сапарда болғандар да кездесті.​

Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөліміне 6 ақпанның кешінен бастап дамылсыз қоңыраулар түсе бастады.​

Төтеншеліктердің кезекші бөліміндегі журналға үңілсек, хабар негізінен халықаралық Самара - Шымкент тас жолының бойынан келген.​

Жеке Toyota Camry автөкөлігімен Ақтөбеден Оралға қарай бет алған 1997 жылы туған азамат қозғалыс мүмкін болмағандығы себепті жол жиегіне тоқтауға мәжбүр болды. Долы бұрқасын көліктің қос бүйірінен түйіп, шайқайды. Дәл осылай Сырым ауданының аумағында бірі жүре алмай, бірі оталмай жолда тұрып қалған ВАЗ 2112, Toyota Camry 35 секілді көліктердің жүргізушілері мен жолаушылары Жымпитыдағы №

39 жол пайдалану бөлімінің жылыту пунктіне аман жеткізілді. Олардың арасында LADA Largus-пен сапарлап келе жатқан Филиповтар жанұясы да бар.​

Осы секілді боран сәтінде Жосалы ауылдық округіндегі Кеңашы елді мекенінен Қоңыр ауылына қарай шыққан трактор жол жиегіне түсіп кетеді. Жүргізушісі жол табам деп, кабиннен түсіп, ауылға қарай жаяу шығады.​ ​ Адасып кетіп, абырой болғанда табылды.​

Бұлдырты ауылдық округінде де малшы жоғалды. Көп ұзамай жақсы хабар келді. Бар екен, аман екен! Жымпиты ауылдық округі, Саралжын елді мекенінде де далаға көлікпен кеткен азамат кешігіп, уақытында оралмай, артынан іздеушілер аттанған. Олардан да хабар - ошар болмағасын, жолға төтеншеліктер шықты.​ ​ Жігіт те, оның жоқшылары да аман-есен табылды.​

Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Арман Қыдырсиховтың айтуынша, әріптестері 7 ақпан күні жолда қалған 17 жолаушыны қар қыспағынан, жол азабынан құтқарған. Оқиға болған жерлерге ауданнан №1

4 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, төтеншеліктер өз алдына барған. Олар жолаушыларға авариялық құтқаруға арналған “УАЗ” автокөлігі және Оралдан арнайы шақыртылған жол талғамайтын “ТРЭКОЛ” - мен қызмет көрсетті.​

Бауыржан Ширмединұлы,​

Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале