Биыл білім саласында белестерді бағындырған ұстаздар мен шәкірттеріміздің қатары толығып, Казталов ауданының мерейін тасытты. Еңбек еленіп, ел қуанды.
Бүгін аудан әкімінің мәжіліс залында «Білімді ұрпақ - ел болашағы» тақырыбында 2023-2024 оқу жылында республикалық, облыстық байқаулар мен олимпиадаға қатысып, ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болған, аудан мақтанышына айналып отырған жеңімпаздарға арналған салтанатты мереке өтті.
Салтанатты мерекенің ашылу салтанатында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов:
- Бұл жетістіктің бәрі бір мезетте болған жеңіс емес. Оның артында ұстаздарыңыздың, ата-аналарымыздың, қала бере өздеріңіздің талмай, ізденген еңбектеріңіз жатыр. Ауданның атын республикаға, облысқа танытып жүрген сіздердей азаматтар көбейе берсін! Білім саласын қолдау мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. Оның барлығы сіздер үшін. Өздеріңіздің айтатын ұсыныс-пікірлеріңіз болар, тыңдауға әзірміз. Тағы да жетістіктеріңіз құтты болсын! - деді.
Өздерінің зияткерлік еңбекпен нәтижеге жетіп, кәсіби шеберлігімен бөлісіп, «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадрлық резервінің түлегі болған ауданның құрметті ұстаздары мен аудан, облысымыздың намысын республикалық байқаулар және олимпиадаларда қорғап, жүлделі орындарға ие болған дарынды оқушыларға алғысхат пен естелік сыйлық, әдемі гүл шоқтары және жүлдегерлерге Казталов аудандық білім беру бөлімі кәсіподақ комитеті -филиалы атынан Сарыағаш шипажайына жолдама табыстады.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz