11.02.2024, 16:30
Оқылды: 96

«Бақылау. Бағамдау. Алдын алу жұмысын ширату»: Мичурин ауылында оқу-жаттығу өтті

Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде өткен «Көктем – 2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуы кезінде аудан басшылығы тарапынан азаматтық қорғау, жергілікті атқарушы құрылым өкілдеріне осындай міндет жүктелді.

IMG-20240211-WA0215

Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындау, сондай-ақ халықты және ел аумағын су тасқыны қаупі жағдайында қорғауды ұйымдастыруды пысықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға аудандық төтенше жағдайлар басқарамасы, азаматтық қорғау қызметімен қатар, жергілікті атқарушы құрылым, полиция бөлімшесі қызметкерлері, волонтерлар қатысты.

IMG-20240211-WA0216

- Көктемгі қарбаласты шақ жақындап келеді. Осы қарсаңда халыққа жыл сайын қауіп төндіріп, әуре-сарсаңға салатын, талайларды сан соқтырып, зыр жүгіртетін су тасқынының алдын алу шаралары ауданымыздағы ең өзекті мәселелердің біріне айналатыны белгілі. Мұндай жағдай әсіресе Мичурин ауылдық округінде жиі болады. Сол себепті бұл оқу-жаттығуды өткізуге осы ауылдық округ таңдалып отыр.

Жергілікті атқарушы құрылым тарапынан су тасқынын алдын алу бағытында қажет іс-шаралар алынуда. Дегенмен де осы мәселеге қатысты бақылау, бағамдау шараларын күшейту, алдын алу жұмыстарын ширату қажет. Тұрғындарды ұйымдастырып аулалардағы қарларды шығару, арықтарды тазарту сынды жұмыстарға жіті мән берген дұрыс,-деп аталмыш оқу-жаттығу шарасының мән-маңызына тоқталған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов азаматтық қорғау күштері мен құралдардың, көліктердің дайындықтарын қарап шықты.

Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов атап өткендей, қазіргі таңда округте көктемгі су тасқанын алдын алу мақсатында дайындық жұмыстары жүруде. Арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелері төтенше жағдай орын алған кезде қалай қимылдау керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде мұнда 5 мотопомпа, подстация, жылу айдайтын құрылғылар бар. Одан бөлек 1 мың қап алынып (жалпы 5 мың қапқа тапсырыс берілді), 100 тонна құм түсірілуде. Округтің барлық елді мекеніндегі эвакуациялық пункттер дайын.

IMG-20240211-WA0217

Содан соң оқу-жаттығуға қатысушылар Асан ауылындағы «Березка» бау-бақша серіктестігіне барды. Онда волонтерлар серіктестік мүшелеріне су тасқынын алдын алу бойынша және су тасқыны орын алған жағдайда әрекет етуге қатысты жадынама-хабарламалар таратты. Азаматтық қорғау қызметі, полиция, жергілікті атқарушы құрылым бірлесіп, авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу бағытындағы практикалық іс-қимылдарды пысықтады.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале