13.02.2024, 16:45
Оқылды: 56

«Есеп үшіннен» қашан көз ашамыз?..

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауғанның от жалыны» атты әскери-патриоттық әндерді орындаушылардың арасындағы облыстық байқаудың іріктеу кезеңі өтті.

427888582_944192604377081_5252244954623719925_n

Байқау дейміз ғой... Нағыз таланттың дарынын «жайпау» деуге келетін шығар бұл қойылым. Тінін тарқатсақ, оқырман қауымның бас шайқап, жаға ұстайтыны – ақиқат. Қазақ «алажағым кетсе де, айтар жағым кетпесін» демей ме?

Аслан Есенов жерлес ақынымыз Қыдыр Оразовтың «Ауғаннан тірі келгендерге» өлеңін тебірене оқып, «байқаудың» шымылдығын ашты. Аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов майдан алаңында қаза болған, аман-есен елге оралған ардагерлердің ерліктерін айтып, аудан көлемінде оларды ұлықтауға арналған іс-шаралардың жалғасын табатынын жеткізді. Несін қазбалаймыз, бір апта бойы жар салып, облысқа өтетін орындаушыны анықтаймыз деген едік. Ел болып қамыстылық Руслан Хайрушевке жанкүйер болып, тақым қыстық. Өйткені орындауында бір міні жоқ. Сахнада өзіне өте сенімді болды. «Ауғанстан», «Отан» әндерін әуелете шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Түптеп келгенде, аудан намысын қорғайтын орындаушы әлдеқашан шешіліп қойыпты. Алдын ала жеңімпазы белгілі болған «қойылымға» қатысу үшін қабілетіне һәм өнеріне сеніп, шалғай ауылдардан жас орындаушылар келді. Атап айтсақ, Талов, Жақсыбай, Борсы, Күйгенкөл, Қамысты, Тау, Ақоба ауылдарының үміттері және шекара қызметкерлері мен аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының оқушылары қатысты.

427899798_944192581043750_8906442874937479199_n

Бұл жерде қатысты деген артық болар. Олар алданды деуге болады. Сөйтіп облыстық кезеңге «Арай» вокалды-инструменталды ансамблі өтті. Ансамбльдің деңгейін аудан жұрты айтпаса да, біледі ғой. Бірақ бұл байқауда дайындықтары аз болды ма, не болса да, көсіліп шырқай алмады. Бәлкім бәрібір өтетінін біліп, арқаны кеңге салып жүре берген болар деп топшыладық. Бұл – ұйымдастырушылар тарапынан кеткен өрескел қателік. Мәселенің мән-жайын сұрау үшін, неге ең мықтының дарыны бағаланбай қалғанын білу үшін аудандық демалыс орталығы директорының орынбасары Лариса Абдуғалиевамен тілдескен едік. Ол облыстан келген ережені көрсетіп, тек ансамбльдердің қатысуына рұқсат деген қағазды алға тартты.

427976040_944192667710408_7266723341147614242_n

- Мына жағдай көршілес Бөкей ордасы, Казталов аудандарында да қайталанды. Олардан да қалаға ансамбль аттанады. Облыстан келген ережеге сүйеніп, осындай шешім шығаруға тура келді, - деді Лариса Сәбекенқызы.

Ондай болса, неге көзбояушылыққа салып, текке жеке әншілерге үміт сыйладық деген ой келеді осындайда. Ережеде көрсетілген болса, не үшін аудандық іріктеу кезеңін өткізбей, аудан әкімдігінен басшыларды шақырмай, халықты һәм қазыларды әуре қылмай, іштей «Арайға» жолдаманы бере салмадық екен? Осы біз «есеп үшінді» қай уақытқа дейін желеу ете бермекпіз? Сұрақ көп, нәтиже жоқ... Бүгін Жәнібекте жер тайғақ болып тұр. Аудандық мәдениет үйінің ішіне де қолдан «тайғақ» жасап қойыппыз. Кесірінен нағыз талант иесі омақаса құлады. Жоқ, құлаттық дейікші. Одан Руслан Хайрушевтың сағы сынып қалмасы анық қой. Орнынан қайта тұрып, өзін дәлелдейді деген үміттеміз.

427887767_944192707710404_6850492405809457710_n

Естеріңізге сала кетейік, байқау деп атын дардай қылған концерттік қойылымның жүлделі ІІІ орыны «Альтаир» вокалды-инструменталды ансамбліне, шекара қызметкері Есентай Біртаевқа, ІІ орыны Райымбек Өтеғалиевке, І орыны Руслан Нұрболатұлына, бас жүлдесі «Арай» вокалды-инструменталды ансамбліне берілді.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале