19.02.2024, 16:15
Оқылды: 78

Қасқыр жеген қасқа «сиыр»...

Шыңғырлау ауданы орталығының шыға берісінде, Шыңғырлау - Ақсай бағытындағы тасжолы бойында қасқа «сиырды» қасқыр жеп кетіпті. Көзбен көргенге оғаш бұл жағдай мен мұндалап-ақ тұр. Одан әріде тағы бір «сиыр» домалап жатыр.

қасқыр

Қара жолдың бойы қалың бұқараның күнкөрісі, барыс-келісі, өмір-тіршілігінің күретамыры. Осы жолдың бойында түрлі жол ережелік белгілер қойылып, жүргінші қауіпсіздігі әу бастан қарастырылып, тиісті сақтандыру белгілері қойылған. Бұлардың ішінде жол бойында төрт түлік мал жүретінін де ескертетін белгілер бар.

Айтайын дегенім сол жол бойындағы белгілерге күн бермейтін кім? Әр жерде байқап жүргенімдей не түйіп майырып кетеді, не жолбелгінің өзін бүктеп, майыстырып, іске алғысыз етеді.

Не үшін деймін-ау? Неге олай етеді, кімдер осылай жасайды, ол неге керек? Мұндай жол бойындағы вандализмнің тоқтау табар күні бар ма? Біздегі жол мәдениеті, жүргізуші мәдениеті төмен дегенді аңғартса керек бұл. Ауласында мал жайғап жүретін қарапайым шаруаға жол бойына барып белгілерді бүлдіру қажет емес. Кім істесе де жол бойында жүретіндер. Әрине, жасы үлкен ортабуын шопырларға да мұндай іс-әрекет тән емес екені айдан анық. Сонда кімдер? Жастар ма?

Бізде осы жол бойындағы малға соқтығысудан адам шығыны болды. Бір-екі емес, бірнеше рет...

Белгілер сол үшін, жол үстіндегі өзіміздің амандығымыз үшін қойылған ескертулер. Сол сақтандару белгілерін алты атаңның өші қалғандай уатып тастау, сындырып тастаудың қанша қажеті бар? Мұндай істің заңдық жауапкершілікке тартылатынын біле жүріңіз, құрметті жол белгілерін бүлдіруші, мырзалар!

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале