21.02.2024, 17:53
Оқылды: 38

«Қандай мәселе болса да шешімін табу жолында бірігіп жұмыс атқаруымыз тиіс»

Бүгін Казталов ауданындағы А.Оразбаева мектебінде БҚО дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының орынбасары Мирболат Нұржановтың, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың қатысуымен алқа отырысы өтті. 

image-21-02-24-04-47-1

Спортшылар бас қосқан алқа отырысында Казталов аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директорлары Руслан  Шарипкалиев, Айбар Мұғалбаев, «Айбын» спорт клубы директорының міндетін атқарушы Асхат Нұржанов 2023 жылы атқарылған жұмыс туралы тілге тиек етсе, Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Асхат Шакиров баяндама жасады.

Алқа отырысында сөз алған Зәйлім Исатайқызы:

- Спорт саласына серпін беріп, бұқаралық спортты дамытуда ауданымызда бірқатар мәселеге назар аударылып, шешімін тауып келеді. Спорттық жарыстар мен жетістіктеріміз өз алдына, 2023 жылы бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл саланың өзіндік мәселелері де жоқ емес. Оны да жасыра алмаймыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп жатамыз. Сондықтан қандай мәселе болса да шешімін табу жолында бірігіп жұмыс атқаруымыз тиіс, - деді.

image-21-02-24-04-47

Жиын барысында бірқатар өзекті мәселе тілге тиек етілді. Айта кетелік, ауылдық округтердегі мамандардың тұрақсыздығының салдары жалақы мәселесіне әкеліп соғатынын баса айтты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Сергейұлы.

- Бұл мәселені облыста да қозғап келеміз. Мәселен, ауылдық округтердегі әдіскерлердің жалақысы мардымсыз. Бір отбасында бір адам табыс тапса, қазіргі күнде бір аз ғана табыс неге артылады? Біз күнкөріс қамын ойлаған әр жастың ойын түсінеміз. Спорт саласындағы әдіскерлердің жалақысын көтеру мәселесін шешсек, кадр мәселесі де оң шешімін табар еді. Жалпы биыл қол жеткізген табыс айтарлықтай. Оның барлығын жіпке тізгендей етіп айтып шығу әсте мүмкін емес. Ендігі орайда міндеттерді жүзеге асыру. Алдағы уақытта ауылдық округте әдіскер даярлап, қажетті спорт түріне спортшыларды дайындау межеленіп отыр, - деді.

Сондай-ақ облыстағы спорт мектебіне балаларды дайындау, аудандағы спорт мектептерінде басқа да спорттың түрін ашу мәселесі көтерілді. Жиын барысында ортаға салынған ескертулер мен ұсыныстарды негізге ала отырып, нақты іс-шаралар жоспары жасақталады.

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале